Оралда «Қыз Жібек» дәстүрлі термешілер ансамблінің 15 жылдық мерейтойлық концерті өтті.

Қазақтың қоңыр үні – ұлттың рухани шежіресі, домбыраның қос ішегінен төгілген әуен ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан аманат. Осы аманатты ардақтап, дәстүрлі ән мен термені дәріптеп келе жатқан Үлгілі «Қыз Жібек» дәстүрлі термешілер ансамблінің 15 жылдық мерейтойлық концерті Орал қаласындағы Жастар сарайында өтті.

«Қыз Жібек келді ортаңа» деп аталған шығармашылық кешке аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, өңірлік және қалалық мәдениет мекемелерінің басшылары, зиялы қауым өкілдері мен өнер жанашырлары қатысты.

Кеш шымылдығы қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем» әнімен ашылды. Сахнадағы көркем бейне, домбыраның қоңыр үні мен «Ән», «Дәстүр», «Ұрпақ», «Аманат» ұғымдарын арқау еткен көріністер көрерменді ұлттық өнердің тереңіне жетеледі.
Он бес жыл бір өнер ұжымының қалыптасып, шығармашылық қолтаңбасын орнықтыру жолындағы маңызды белес. 2011 жылы Жалпақтал ауылында аз ғана өнерпаздан басталған ансамбль бүгінде отызға жуық мүшесі бар, бірнеше буынды біріктірген шығармашылық ұжымға айналды.

Ансамбльдің негізін қалаушы, дәстүрлі әнші-термеші, сазгер әрі ұстаз Баян Қабиева мен көркемдік жетекшісі Асылхан Бултановтың еңбегі осы жетістіктердің негізінде жатыр. Ұлттық өнерге өмірін арнаған қос ұстаз талай шәкірт тәрбиелеп, дәстүрлі ән мен термені насихаттауға үлес қосып келеді.
Мерейтойлық концерттің алғашқы бөлімінде Ыбырай Сандыбайдың «Гәкку», Майра Уәлиқызының «Майра» әндері орындалып, «Сары бидай», «Шіркін-ай» халық әндері мен Сыпыра жыраудың термесі көрерменге ұсынылды. Әр шығарма қазақ әнінің сырлы табиғатын, орындаушылық дәстүрдің байлығын танытты.
Ансамбльдің шығармашылық жолы туған өңірмен ғана шектелмейді. Ұжым 2012 жылы Чехия мен Болгарияда, 2013 жылы Германияда, 2015 жылы Венгрияда, 2022 жылы Түркияның Измир қаласында, 2024 жылы Чанаккаледе өткен халықаралық шараларға қатысып, қазақ өнерін шетел сахналарында танытты. Ресейде өткен «Большая сцена» байқауында дипломант атанып, «Үздік костюм» номинациясын иеленді.

Концерттің екінші бөлімінде түрік халқының «Даналы бебек» бесік жыры орындалды. Түркия сапарында ұмыт бола бастаған осы көне әуенді жаңғыртуға үлес қосқан ансамбль бұл жолы да халықтар арасындағы рухани байланысты ән арқылы жеткізді. Баян Қабиеваның «Туған жерге», Кенен Әзірбаевтың «Ой жайлау» әндері, халықтың «Сәулем-ай» әні шырқалды. Ал «Подмосковные вечера», «Катюша», «Смуглянка», «Ах, Самара-городок» шығармаларынан құралған попурри қазақ домбырасының сан қырлы мүмкіндігін көрсетті.

Кеш барысында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Әділет Орынбасаров «Қыз Жібек» ансамбліне арнаған өлеңін оқып, өнер ұжымына ізгі тілегін білдірді. Жыр жолдары ән мен жырды серік еткен ұжымның шығармашылық жолына деген құрметті айқындай түсті.
Кештің басты өзегі – ұстаз бен шәкірт сабақтастығы. Ғарифолла Құрманғалиевтен тәлім алған Баян Құбайқызы дәстүрлі ән мектебінің өнегесін кейінгі буынға жеткізіп келеді. Оның алғашқы шәкірттерінен бастап бүгінгі жас орындаушыларға дейінгі өнер жолы ансамбль тарихының маңызды бөлігіне айналған.
Концертте «Қыз Жібек» ансамблінің жас ізбасарлары қазақ халық әндерінен попурри орындап, сахнаға шықты. Одан кейін үлкен топ Қадыр Мырза Әлидің «Қазақ осы», Арсланбек Сұлтанбековтың «Домбыра», халық әні «Ақ Айша», Махамбет Өтемісұлының термесі және «Елім менің» әнін ұсынды. Жас буынның өнері мен аға ұрпақтың тәжірибесі тоғысқан бұл көрініс ұлттық өнердің жалғастығын аңғартты.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі ұстаздың ішкі толғанысына құрылған көркем көрініс болды. Онда Баян Құбайқызының он бес жылдық еңбек жолы, шәкірттеріне деген ықыласы мен өнерге адалдығы бейнеленді.
«Бір кезде мен сендерге ән үйреттім. Бүгін сол әнді сендер жалғап тұрсыңдар. Менің сендерге қалдырғаным – ән ғана емес, ол – аманат. Қазақтың үніне, домбыраның қасиетіне, дәстүрдің ғұмырына деген аманат», – деген мазмұндағы ұстаз сөзі кештің негізгі идеясын айқындады. Артынша орындалған «Бақытты жан екем» әні ұстаздың шәкірттеріне деген мақтанышы мен қуанышын жеткізді.
Мерейтойдың финалында Асылхан Бултановтың «Қазақ елі жасасын» әні шырқалып, ансамбльдің барлық буыны бір сахнаға жиналды. Осы сәтте он бес жылдық тарихтың мәні – ұлттық өнерге адалдық, шәкірт тәрбиелеу және дәстүрді келер ұрпаққа табыстау екені айқын сезілді.

Кеш соңында ансамбльдің негізін қалаушы Баян Құбайқызы Қабиеваға құрмет көрсетілді. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы өнер ұжымын мерейтойымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар аудан әкімдігінің қолдауымен ұжымға 15 жаңа сахналық киім және домбыра тарту етілетінін жеткізді.

Баян Құбайқызының көп жылғы ұстаздық еңбегі мен Асылхан Бултановтың шығармашылық ізденісі «Қыз Жібек» ансамблінің өзіндік орындаушылық бағытын қалыптастыруға ықпал етті. Қазақ әндерін бірнеше дауыспен орындау, терме-жырларды ансамбльдік үлгіде ұсыну және өзге халықтардың әндерін домбырамен сүйемелдеу – ұжымның ерекшелігін танытатын ізденістер.
Орал төрінде өткен мерейтойлық кеш бір өнер ұжымының жетістігін саралап қана қоймай, дәстүрлі өнердің бүгінгі қоғамдағы маңызын да көрсетті. Өйткені ұлттық мұраның ғұмыры оны сақтаған ұстазбен ғана емес, сол аманатты жалғастырған шәкіртпен де өлшенеді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы