Казталов ауданы әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан активінің отырысы өтіп, онда Казталов ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы таныстырылды.

Жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, БҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Жүніс Кунчаев, бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов мемлекеттік кірістер органдарының ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі, бюджет кірістерін қалыптастырудағы және салық заңнамасының сақталуын бақылаудағы маңызына тоқталды.

– Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуы мен әлеуметтік міндеттемелердің орындалуы бюджет түсімдерінің тұрақтылығымен тікелей байланысты. Сондықтан мемлекеттік кірістер басқармасының алдында тұрған міндеттер үлкен жауапкершілікті талап етеді. Барлық бөлімдер мен мекемелердің өзара үйлесімді жұмыс істеуі маңызды. Жаңа қызметіңізге сәттілік тілеймін. Артылған сенімді ақтап, ауданымыздың дамуына лайықты үлес қосатыныңызға сенім білдіремін, – деді аудан әкімі.
Казталов ауданының мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы лауазымына Бекзат Бадақов тағайындалды.
Бекзат Бадақов – жоғары білімді маман. 2008 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін, 2011 жылы Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетін тәмамдаған.
Оның мемлекеттік қызмет саласындағы еңбек жолы 2010 жылы басталған. Әр жылдары Жәнібек ауданында, Зеленов ауданында, кейін Бәйтерек ауданында түрлі жауапты қызметтер атқарған. Атап айтқанда, ауылдық округ әкімінің көмекшісі, бас маман, бөлім басшысы, ауылдық округ әкімі және әкім орынбасары қызметтерінде еңбек етті. Сондай-ақ Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары болды.
Жайна Қабиболла
Казталов ауданы