Аудан орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған отбасыларға жаңа баспаналардың кілттері салтанатты түрде табысталды. Қоныс тойына ұласқан игі шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Самат Хасанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов және ауыл тұрғындары қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыру, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіру мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың баспанаға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалуда.

Салтанатты рәсім барысында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, отбасыларына амандық, шаңырақтарына шаттық тіледі. Одан кейін көптен күткен баспаналардың кілттері иелеріне табысталды.

Атап айтқанда, Нұрсай ауылындағы А. Аяпов көшесі, №19 үйдің пәтері Гүлрайхан Қайыржановаға, Казталов ауылындағы Серікқали Жақыпов көшесі, №3 үйдің пәтері Жұлдыз Мұхатоваға, Х. Бөкеева көшесі, №22 үйдің пәтері Лаура Беркінғалиеваға берілді.

Шарада ауыл ардагері Марат Наукешов де сөз сөйлеп, жаңа қоныс иелеріне ақжарма тілегін жеткізіп, батасын берді.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Казталов ауданы
