23.10.2026, 11:15
Оқылды: 13

Невель мен Оралды жалғаған Мәншүк мұрасы

Жақында М. Мәметова мемориалдық музейіне РФ-ның Псков облысы, Невель қаласынан меймандар ат басын тіреді. Қазақтың жауынгер қызының қолының табы қалған ғимаратта «Гвоздика» іздеу тобы командирінің орынбасары Иван Малахов, іздеу тобының жауынгері Ярослав Малахов, Невель қаласындағы мектеп-гимназия мұғалімі және музей жетекшісі Елена Супруновамен кездесу өтті. Жиынға Алаш қайраткері әм ағартушысы, дәрігер Ахмет Мәметовтің жиеншары Алтын Хайрушева, соғыс ардагерлерінің ұрпақтары, еңбек қайраткерлері, ұстаздар және жас өрендер қатысты.

WhatsApp Image 2026-10-14 at 20.13.45

Мәншүк Мәметова мемориалдық музейдің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов алдымен тарихи дерекке тоқталды. Жетекшінің сөзінше, соғысқа облыстан 80000-ға жуық жауынгер шақырылып, олардың 34400-і оралмаған, 29-ы батальон командирі болған. 42 майдангер Кеңес Одағының Батыры ең жоғары атағына ұсынылған.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқарма басшының орынбасары Тілекқабыл Ғабдушев көрші елден келген қонақтарға «Қош келдіңіз!» айтып, іс-шараны ашты. Соғыс майдангері Мәншүк Мәметованың жауынгерлік ерлігін халыққа дәріптеу мақсатында өткізілген жиынды ұйымдастырған музей қызметкерлеріне алғыс айтты. Сондай-ақ соғыста қыршын кеткен қазақстандық майдангерлер мен «Сталининград» шайқасы жау жарылғыштары тасталған Жәнібек ауданы мен Сайқын бекеті туралы да қысқаша айтып өтті. Қоғам қайраткері Табылғали Сапаров сөз алып, қазақтың батыр қызы – Мәншүк Мәметова қаза тапқан Невель қаласына барған сапары туралы әңгімеледі. Аталмыш қаланың халқы қаһарман пулеметші қызды ардақтап, «Мәншүк Мәметованың отанынан келгендер» деп құрмет көрсеткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Ақ Жайықтың батыр қызына арнап пулемет ұстап тұрған ескерткіштен бөлек, оның қаза тапқан жеріне қойылған ескерткіш-тақтаның орнатылу тарихына тоқталды. Тың деректі айта келе, құжаттары табылмай жатқан майдангерлерді іздеп, Ұлы Отан соғысының жауынгерлерін мәңгі ұлықтап, дәйім батыр қыздың аяулы алақаны тиген музейге келіп тұруға шақырды.

WhatsApp Image 2026-10-14 at 20.13.46 (1)

Алыстан ат шалдырып келген Иван Михайлович Невель қаласын неміс-фашист басқыншыларынан азат еткен 100-атқыштар бригада жауынгерлері мен офицерлерінің өшпес ерлігін еске алды. Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова, сұрмерген Әбілқайыр Баймолдин, Әлия Молдағұлова және Ыбрайым Сүлейменов сынды майдангерлерді де айтуды ұмытпады. Невель шаһарының әр бұрышында боздақтарды ұлықтайтын ескерткіш орнатылғанын және майданда із-түзсіз жоғалған соғыс ардагерлерін әлі де іздестіру жұмысы жү-ріп жатқанын атап өтті. Невельдегі мектептің музей жетекшісі Елена Семёновна 1986 жылы білім ұясының жанынан құрылған музей хақында әңгіме өрбітті. Музейдің ашылу салтанатында Невель қаласын жаудан азат етуге атсалысқан майдангерлер болған. Өз сөзінде соғыстағы құжаттар мен фотосуреттерді жинақтаған мекеме қызметкерлерін атап өтті. Қажырлы еңбектің нәтижесінде 2000 жылдары «Әскери даңқ музей» атағы берілген. 40 жыл тарихы бар музейге Қазақстаннан келушілер арасында жәдігерлерге таңданғандар  қатары  көп болған. Сонымен қатар Мәншүк Мәметованың өрімтал болса да, ауыр әскери шинель мен қаруды асынып алып, жауға қарсы шапқан ерлігіне тоқталды.

– Бізге келген меймандар қазақтың батыр қызының қалай тәрбиеленгенін сұрап, таңғалысып жатады. Соғыс өртінде жүрсе де, бір үзім нанды бөле жеген мейірімді қыз болғанын оның жазған хаттарынан аңғаруға болады. Батыр қыздың ерлігі еш ұмытылмайды. Біздер оны дәйім үлгі етіп жүреміз, – деді қоңсылас елден келген мейман.

Орал қаласындағы №46 ЖОББ мектептің бастапқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі, тәжік-ауған соғысының ардагері Манарбек Әмірғалиев Невель қаласындағы бірқос қазақ делегациясымен бірге Мәншүк Мәметованың қаза тапқан жеріне ескерткіш қойған күндерінен сыр шертті. Ол кісінің сөзінше, ескерткіштің салмағы – 2 тонна 700 кг, биіктігі – 1,70 метр, қалыңдығы – 40 см.
Еңбек ардагері Жанат Ізімбергенқызы 2022 жылы Мәншүк Мәметованың 100 жылдығы қарсаңында Орал қаласындағы халықаралық әуежайға қаһарман қыздың есімі қалай берілгендігі жөнінде бір үзік  сыр  айтып  өтті.

Кездесуде шалғайдан келген қонақтарға Ахмедияр Қуанұлы шапан жауып, сый-сияпатқа бөледі.

Перизат Сариева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале