23.10.2026, 12:15
Оқылды: 8

Қаракөлде тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды

Аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев тұрғындармен кездесулерін жалғастыруда. Бұл жолы аудан басшысы Қаракөл ауылдық округінің халқымен жүздесіп, ауылда атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы әңгімелесті. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

image-23-10-26-11-17-5

Жиында Қаракөл ауылдық округінің әкімі Эльдар Амантаев 2026 жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы кезеңге белгіленген міндеттерді баяндады.
Оның айтуынша, есепті кезеңде ауылдық округ әкімшілігі тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, қоғамдық тәртіп пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізген. Сонымен қатар округ аумағында жүзеге асырылуы жоспарланған жобаларға қатысты бірқатар шаралар қолға алынған.

Солардың бірі – «Чингиз-Телсу» жобасы. Жоба аясында Ақтай-сай ауылынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан Шыңғыс жеріне инвесторлар екі рет келіп, бақылау жұмыстарын жүргізген.

– Алдағы уақытта, қараша айының соңына қарай, Ақтай-сай ауылының тұрғындарымен тыңдалым өткізу жоспарланып отыр. Жиын барысында жоба туралы және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Ал мердігер компанияның жұмысты бастауы 2027 жылға жоспарланған, – деді Эльдар Амантаев.

image-23-10-26-11-17

Округ әкімінің есебінен кейін аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде мәлімет берді.

image-23-10-26-11-17-2

Ал кездесудің еркін форматтағы бөлігінде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Өйткені ауылдың жай-күйін күнделікті тіршілігімен біте қайнасқан тұрғындардан артық кім білсін? Бірі ауылға спорт залын салу қажеттігін айтса, енді бірі автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселесін көтерді.

image-23-10-26-11-17-3

Тұрғындар көтерген мәселелерге аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев те тоқталып, айтылған ұсыныстар бойынша түсініктеме берді. Спорт залын салу және автомобиль жолдарын күтіп ұстау мәселелері талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырды.

Кездесу соңында аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында азаматтардың өтініштері тыңдалып, көтерілген мәселелерге қатысты тиісті түсініктеме берілді.

Р.Абай 

Қаратөбе ауланы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале