Республика күніне орай аудан орталығында волейболдан ерлер арасында облыстық турнирге іріктеу жарысы өтті.

Алты команда бақ сынаған сайыс нәтижесінде бейбітшіліктіктер үздік болды. Көшім мен Атамекен ауылдарының командалары қалған жүлделі орындарды бөлісті.
Жарыс төрешесі Жігер Сатқановтың айтуынша, командалар бұл додаға жақсы дайындықпен келген. Әсіресе Бейбітшілік ауылының командасының ойынына сүйсінбеген жан жоқ.
-Бейбітшілікте спорт кешенінің болуы, Бейбіт Асанов секілді жергілікті меценаттардың спортқа қолдау білдіруі өз жемісін беруде. Жалпы округ басшылығының да салауатты өмір салтын ұстануы көп мәселені шешетіні анық. Мәселен, сайыста команда сапында ауыл әкімінің өзі жүруі көп нәрсені аңғартса керек,-дейді Жігер Сайранұлы.


Иә, бір мыңнан аса тұрғыны бар Бейбітшілікте спорт жақсы дамуда. Тұрғындардың отыз пайызын құрайтын жастар қолы босағанда ауылдағы спорт кешеніне барады. «Жастарымыздың отыз шақтысы волейбол ойнайды,-дейді Бейбітшілік ауылдық округының әкімі Манарбек Жандарбеков.- Осы жарысқа соларды іріктеп алып келдік. Бұл жігіттер 2020 жылдан бері волейбол ойнап жүр. Нұрғиса Меңдіғали деген жерлесіміз жарыстың үздік ойыншысы атанды. Ол студент кезден бері тұрақты ойнайды. Бүгінде ішкі істер органдарында қызмет етсе де осы спортты серік етіп жүргені қуантады. Бұл жарыста жастарымыз жақсы ойын өрнегін көрсетіп елдіктің еңселі мерекесі болып табылатын Республика күніне орай ауылдастарына ерекше тарту жасады деп ойлаймыз. Көк туымыз тұғырдан түспей биіктен желбірей берсін!»

Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы