Сырым ауданы Алғабас ауылдық округі орталығында әкімдердің есептік кездесуі өтті.
Ауыл қариялары Жүсіп Ақжанов, Әбіл Бахтияров ауылдағы Мәдениет үйінің музыкалық аппаратын жаңарту, домбыра үйірмесін ашу, қоқыс айлағын қоршау және Алғабас ауылдық округінің тұсынан жанар-жағармай бекетін ашу сияқты мәселелер көтерді.
Жергілікті мұсылман жамағатының атынан сөйлеген Расул Кенжеғалиев Алғабас ауылынан мешіт салу үшін жер телімін беруді сұрайды. Жер мәселесі шешілсе, ауыл адамдары өз күштерімен мешіт құрылысын бастағысы келіп отыр. Аудан басшысы өзінің жауабында жер мәселесін шешуге мүмкіндіктің бар екенін айтты.
Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиев аудандағы мал басының тұқымдық түрленуін жаңа деңгейге көтеру керек деп есептейді. Мал басын асылдандыру әрі көбейту аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтың да ауызынан тастамайтын мәселесі. Себебі, мал шаруашылығы ауыл үшін жаңа игіліктерді ашуда. Аудан әкімінің айтуынша, Шолақаңқаты ауылдық округінің орталығына қарағанда оған қарасты елді мекендердің бірі Құспанкөлдегі мал басының саны үш есеге, ал Аңқатыдағы түліктің саны Тоғанасқа қарағанда екі есеге көп. Округ орталықтары мал басының көрсеткіштерін құлатпау керек.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы