18.04.2018, 17:58
Оқылды: 38

Жаңа үлгідегі қабылдау бөлімшесінде жаңалық көп

 

Облыстық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесі триаж жүйесі бойынша жұмыстануда. Ауруханада болған облыс әкімі Алтай Көлгінов триаж жүйесі және цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысты.

Негізі қабылдау бөлімшесі келген науқастарды қабылдап, аурухананың бөлімшелеріне рәсімдейді. Мұнда маңызды емдеу-диагностика жасалады, тәуліктің 24 сағатында және мереке, демалыс күндері де келушілерге жедел дәрігерлік көмек көрсетеді. Облыс әкімі бөлімшенің жұмысымен таныстықты кіре берістегі науқастарды рәсімдеу бөлігінен бастады. Шеткі компьютерде отырған мейірбике әріптесіміз, тележурналист Олег Великийдің жеке куәлігін беріп, оның қайда тіркелгенін қарап, жұмыстың қалай жүргізілетінін сұрап білді. Аурухана директоры  Арман Байдеуовтің түсіндіруінше,  келген адамның жеке куәлігі арқылы базадағы мәліметтерден оның бұрын қайда қаралғаны, қандай ем алғаны, ота жасалғаны көрініп тұрады. Бұрын осының бәрі қағазға түсірілетін.

-Елбасының тапсырмасына сәйкес облыстағы 23 мемлекеттік меднысан қағазсыз жұмыс істеуге көшті.  Цифрландыру арқылы тұрғындарға көрсетілетін медицналық көмек сапасы жақсарады, дәрігерлердің есеп жазудан қолы босап, науқасқа көбірек көңіл бөледі.  Ақпараттық жүйеге кірігу үрдісі жалғасады, бірінші жартыжылдықтың соңына қарай меднысандарды толықтай цифрландыруды аяқтаймыз. БҚО - цифрландыру жұмыстары бойынша республикада көшбасшы. Мобильді қосымшаны іске қосу жұмыстары аяқталады. Бұл қосымша арқылы тұрғындар дәрігерге онлайн жазыла алады, қажетті жағдайда үйге дәрігер шақыртады,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев.

Ғимаратқа кіре берістен-ақ еденге жасыл, қызыл, сары жолақтар жүргізілген. Аурухана басшысы бұл жолақтардың «сырын» ашты. Мейірбикелер бөлімшеге келген науқастарды қабылдап, жалпы жағдайын бағалайды.  Триаж бойынша келушілер үш ағын түріне бөлінеді. Қызыл ағынға ауыр дәрежедегі  науқастар жатады. Оларға шұғыл көмек көрсетіледі және қажет болса ота жасауға, жан сақтау бөлмесіне қызыл жолақпен әкетеді. Сары ағынға орта дәрежедегі аурулар, олар шұғыл көмекке мұқтаж емес, бірақ  тексеріледі, тиісті көмек көрсетіледі. Жасыл ағынға жататын ауруларға тексеріледі, көмек көрсетіледі, содан кейін үйлеріне жіберіледі.  Бөлімшеге күніне 160-170 адам келеді, жарақат алып келушілер саны 60-70 шамасында. Мұнда күндіз түрлі 12 дәрігер маман дәрігерлік көмек көрсетеді. Триаж бойынша науқасқа шұғыл түрде бірнеше дәрігер қызмет көрсетеді.

Одан кейін облыс басшысы қабылдау бөлімшесіндегі пердемен бөлінген керуетте отырған науқастармен қал-жағдай сұрасты. Өзін Василиий Катиба деп таныстырған украин ұлтының өкілі урология жағынан тексеріліп жүргенін айтты. «Қабылдау бөлімшесінде бәрі жақсы. Дәрігерлердің көмегі шексіз», - деді жетпіс жастағы қарт.

Өңір басшысы қабылдау бөлімшесіне қарасты нейрохирургия, травматология бөлімшелеріндегі дәрігерлермен тілдесті.  Олардың барлығы да цифрландырудың арқасында жұмыстарының жеңілдегенін жеткізді. «Қазір науқастар бір құшақ етіп қағаз құшақтап жүрмейді. Тек ескеретін бір нәрсе тек емханаларды емес, бұл жүйеге өзге диспансерлерді, барлық ауруханаларды кіріктірсе», - деген өтініш айтты травматолог Ғалымжан Рамазанов. Бұған облыстың бас дәрігері Қанат Төсекбаев өкпе, психиатриялық, наркологиялық  ауруханалардың контингенті басқа болғандықтан, қосылуға рұқсат жоқтығын айтты.

Сондай-ақ облыс әкімі сәулелік диагностика бөлімшесінде болып, магниттік-резонанстық томографияның жұмысын көрді. Бөлімше меңгерушісі Асылбек Бақаевтың айтуынша, қолданыстағы МРТ аппараты 2007 жылы алынған. Қазір мұндай аппараттың түрі шығарылмайтындықтан, сынып қалса қосалқы бөлшек табу қиын. Облыс басшысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жаңа МРТ аппараты алынатынын жеткізді. Арман Байдеуовтың айтуынша, маусым айының аяғы шілде айының басында «Дженерал электрик» фирмасынан жаңа МРТ жеткізіледі. Сондай-ақ лизингке  офтальмологиялық УЗИ, литотриптер (урологиялық аурулар) аппараттары алынады.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале