Кеше аудан орталығындағы Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін мектеп базасында орналасқан №846 ҰБТ өткізу пунктінде мектеп түлектеріне арналған білім сынағы өтті.
Оған ауданның 13 мектебінен ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген 142 талапкер қатысты. ҰБТ өткізу пунктінде екі аудиторияда тест тапсырушыларға барлық жағдай қарастырылған.
Сынақ тапсыруға берілген 3 сағат 50 минут уақыт ішінде тест тапсырмасын қаратөбелік түлектер белгілеп шықты.
Қаратөбе ауданы бойынша ҰБТ-ға қатысқан 142 түлектің ішінде шығармашылық емтихан тапсыратын оқу орнын таңдаған 13 оқушы Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы пәндерінен сынақ тапсырды.
Білім сынағының қорытындысында аудан бойынша орташа балл көрсеткіші - 92,15. Ал шығармашылық емтихан тапсырған түлектердің балын есептегенде орташа 98,12 балды көрсетті. Ең жоғары 129 балды Қаратөбе мектеп-гимназиясының мақтанышы Ақбота Алпысбаева жинады.
Серікбай ХАСАНОВ,
Қаратөбе ауданы