Бүгін Жайық өзені жағалауында осындай ескерткіш белгі ашылды. Оралда «Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің өзекті мәселелері. Шешу жолдары. Трансшекаралық бассейндердің экожүйесін басқарудағы озық тәжірибелер» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараға қатысушылар Жайық өзенінің экожүйесін дамыту мен сақтау бойынша ортақ іс-шаралар жоспарын құрды. Дөңгелек үстелге қатысушылар назарына «Жайық-достық өзені» атты фотокөрме көрсетіліп, экспедицияның әр жылдардағы қатысушылардың пікірлері мен газет беттеріндегі жарияланымдар негізінде жарық көрген «Жайық - өмір өзені» атты кітабы ұсынылды.
Шараның екінші бөлігінде Жайық өзені жағалауында «Жайық күні» мерекесіне арналған ескерткіш белгі ашылды. «Жайықты ұрпақ үшін сақтайық» деп жазылған белгіні ашу құрметі қала әкімі Мұрат Мұқаев пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Бергке берілді. Бұдан соң ХХІІ екі ел аралық тарихи-мәдени, экологиялық және спорттық-туристік экспедициясы Жайық өзенінен бастау алды.
Айта кетейік, экспедицияға қатысушылар байдарка қайығымен 400 шақырымнан астам су жолын өтіп, Атырау облысының Сарайшық қаласына ат басын тіремек. Дәстүр бойынша экспедиция мүшелері әр аялдамада жергілікті халықпен жүздесіп, тарихи орындарды аралап, көрмелер мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыратын болады.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
Суретке түсірген Айбатыр НҰРАШ
zhaikpress.kz