11.09.2018, 15:48
Оқылды: 57

Ақжайықтық өлкетанушылар экспедицияға шықты

Ақжайықтық өлкетанушылар «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы бойынша Жайықтың сол жақ жағалауындағы ауылдарға экспедицияға аттанды.

????????????????????????????????????

            Ақын Сағынтай Бисенғалиев жетекшілік жасайтын экспедиция құрамында белгілі өлкетанушы, бірнеше тарихи тақырыптағы кітаптардың авторы Бақтығали Қоспаев, фотосуретші Сәкен Әбілқайыров бар. Топты сапар алдында аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдады.

            – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жалпыұлттық қасиетті нысандарды егжей-текжейлі зерттеуді талап етеді. Біздің аудан аумағында тарихи орындар, киелі, қасиетті нысандар аз емес. Бұларға әлі де тереңірек зерттеулер керек. Сөйтіп, туристік карта жасақтап, бұл орындарды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеруіміз қажет. Сіздерден сондай нәтиже күтеміз,-деді Ә.Жоламанов.

Қабылдау барысында ауданымыздағы Мәулімберлі қорымы, Байбарақ, Науша батырлар кесенесі, әулие, ақын-жыраулар жерленген орындарды, сондай тұлғалардың еңбегін хатқа сапалы түсіріп, ауданның туристік картасын баспаға дайындау жайында айтылды.

Аудан әкімі белгілі өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов жетекшілік ететін Атамекен ауылындағы «Жерұйық» музейіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жеделдету жайында әңгімеледі.

Өткен жылдары да бірнеше рет сапарда болған бұл топ осы жолы ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинақтауды көздеп отыр.

– Есім хан, Жантөре хан, Жиембет жырау, Махамбетті тануға зор үлес қосқан Құрақ Бектұрғанов сынды қарияны, сондай-ақ Жантуған, Битілеу әулиелерді әлі де халыққа насихаттау кемшін түсіп жатыр. Осы орайда алдымызда зор мақсаттар тұр,-деді С.Бисенғалиев.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

суретті түсірген Таңатар СӘРСЕНҒАЛИ,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале