17.10.2018, 17:56
Оқылды: 61

Бөрлінің қос ауылына таза су жетті

Тұрғындардың қуанышына облыс әкімі Алтай Көлгінов пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар қатысып, тұрғындарды құттықтады. Кеңтүбек пен Жаңақоныс тұрғындарын қуантқан оңды іс «Өңірлерді дамыту - 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асты.

 ЖП сайт

- Бүгін мемлекет сіздің ауылыңызда бәрін қайта жаңартып таза ауыз су жүйесін іске қосты. Осындай жұмыс барлық ауданда жасалып жатыр. Бұл Елбасының Жолдауында да анық көрсетілген. Соңғы екі жылдың ішінде он екі аудандағы 110 елді мекенге орталықтандырылған көше-көше үй-үйге жеткізілетін 2000 шақырым су құбырын тарттық. Өңірде таза сумен қамтылған елді мекендер 30 пайыз болды. Ал, екі жыл ішінде  бұл көрсеткіш 45 пайызға жетті. Келер жылы тағы 50 елді мекенге ауыз су тартамыз– деді, Алтай Сейдірұлы.

Ауыл тұрғындары ауыз суды аудан орталығынан таситын. Өйткені мал өсіріп, егін егуге ыңғайлы топырағы құнарлы, шөбі шүйгін құтты мекеннен халықтың кеткісі жоқ. Қайта көшіп келушілер қатары артқан. 300-ге жуық ауласы бар ауылға 13 жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су кірген. Алайда ескі желіде заман талабына сай емес, әрі өрт гидранттары жоқ. Су құбырын қайта құру кезінде осы кемшіліктер ескерілді.

-Ауылда бұрыннан су бар. Қосымша ауыз су жүргізу бағытында биыл бюджеттен 108 млн.теңге қаражат бөлінді. Әр түрлі диаметр болатын сегіз шақырым тұрба тартылды. Басты трассаға 110 дм болатын құбыр салынды. Оған қоса екі 200 кубтық резервуар, 50 кубтық башня орнатылды. 25 үйге су кіргіздік. Оған қоса, бұрын түрлі себептермен үйіне су кірмей қалған елу үйге тегін тартылды. Ауыл ішіне 36 өрт гидрантты қойылды. Жаңа қоныс ауылында да 50 үйге су тартып, 50 текше мерт болатын  қос резервуар қойылды, - деді«Аяла» ЖШС бас директоры. Алтынбек Мергенов.

Құрылыста пайдаланылған құбырлар, есептеу құралдары және өзге де қосалқы бөлшектердің барлығы су жаңа, әрі отандық өнім.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале