19.10.2018, 13:04
Оқылды: 141

Оралда Махамбет Өтемісұлының 215 жылдығына арналған әдеби кеш өтті

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Махамбет Өтемісұлының 215 жылдығына арналған «Намыстың наркескені» атты әдеби кеш өтті.

aytys (3)

Әдеби кешке айтыссүйер көрермен көп жиналды. Елдік үшін ерлік жасаған батырдың есімін келешек  ұрпақ есінен  шығармау үшін ұлы тұлғаны бүгінгі ұрпаққа ұлықтауды мақсат еткен шарада айтыскер ақындар Махамбеттің ерлігін, еліміздің  теңдігін жырларына арқау етті.  Ал жас өнерпаздар Махамбеттің жырларын жатқа оқыса, жас домбырашылар халық арасына кең тараған күйлерін күмбірлетті.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев рухани кештің өскелең ұрпақ үшін өнегелі іс екендігін атап өтті.

-Өршіл ақындығымен, батырлығымен, күйшілігімен халықтың ұлы тұлғасына айналған Махамбет бабамыздың туғанына биыл 215 жыл толды. Батыр бабамыздың қазақ халқының теңдігін, азаттығын алу жолында  өнегелі істері кейінгі ұрпаққа өнеге болып  қалды. Дауылпаз  ақынның өлеңдері мен күйлері әлі күнге өз маңыздылығын жойған жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткенімізді жаңашылдықпен алға жетелеу, Махамбет сықылды бабаларымыздың өнегелі істерін ұлықтап, болашаққа мұра қылып қалдыру біздің де – міндетіміз,- деп сөзін сабақтаған Қадырболат Мұсағалиев айтыскер  ақындарға сәттілік тіледі.

Сахнада төрт жұп айтысты. Жалпы жас ақындардың өжеттігі, орамды ұйқаспен ұтымды ой айта білуі көрермен көңілінен шыққан сыңайлы. Бір қайнауы ішінде  болғанымен, айтыс көрсек деп келген ағайынды  қиқулатып,  ұзақ қол соқтырған жас тұлпарлар да болды бұл айтыста. Солардың бірі  қаратөбелік 11-сынып оқушысы,  Райымбек Өтепов.

Ақындардан не пайда?

Аламан топты жармаса,

Батырлардан не пайда?

Бабадан қалған жеріңді

Кім көрінген жауласа.

Домбырамнан не пайда?

Күмбірлетіп тартқанда,

Құлақ құрышы қанбаса-деп домбырасын күмбірлетіп, сахнаға шыққанан-ақ өзі кішкентай болса да зор дауысымен халықты бірден баурап алған ол  өз қарсыласы оралдық  Естеміс Мұхамбетовпен жезде мен балдыздың арасындағы қағытпа қалжыңға толы әдемі  айтыс жасады.  Жақында ғана Жәнібекте болған айтыста тай мініп кеткен Райымбекке Естеміс:

Кешегі Жәнібектің айтысында

Мұрадымдай ағаңмен дауласып ең,

Жетекші апайыңды жетектеп ап,

Малы бардың шапанына жармасып ең.

«Тай берсеңдер, апайымды беремін» деп,

Айналыстың адамның саудасымен.

Содан соң ел алдында тай мінгізді,

«Апайымды берем» деп, сөз байласып ең.

Мақтап, ел алдында селдей төктің

Қулықтың да қылышын сермей кеттің

Тайды мініп ауылдан тайып тұрып,

Ақыры апайыңды бермей кеттің, -деп қағытты.  Ал Раймыбек:

Ол рас, Ұзынкөл жақ тай мінгізді,

Қалың мал емес, бірақ жай мінгізді,

Сіздердей үлкен ақын болсыншы деп,

Бата беріп, дәстүрге сай мінгізді.

Әйтпесе тайға беріп кететіндей,

Қаратөбе тумайды жай бір қызды-деп зал толы көрерменді ду күлдірді. «Сабақ кезінде айтыс қуып жүрсің» деген жездесіне:

-Класыңының есігін тарс жауып

Өзің де айтыс қуып кеп отсың ғой,

Оқушы мұғалімнен үлгі алмай ма?,

Осы жағын ойлану керексің ғой –деп өзі де мұғалім болып қызмет жасайтын Естеміс Мұхамбетовке қарсы нокаут берді.

Жалпы әдеби кештен өнерсүйер қауымның айтысты сағынғанын байқадық.  Әсіресе бір-бірін жетектеген қариялар көп болды. Қиқулап, ақындарға дем берген де солар.  Махамбет бабамыздың рухқа толы өршіл жырлары мен батырлығы да ақындар назарынан тыс қалған жоқ.

Рух іздеп келген өнерсүйер қауымға серпіліс сыйлаған кеш соңында Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла өнерпаздарға ризашылығын білдіріп, шараға қатысушылардың бәріне алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

zhaikpress.kz

aytys (1) aytys (2) aytys (4)

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале