Елорда төрінде оқитын жəне жұмыс жасайтын Ақжайық ауданы жастары бас қосты. Оларға жүрген жерінде Жұбан елі жастарын түгендеп жүретін Ақжайық аудандық мəслихатының депутаты Біржан Кухаев аудан басшылығының ыстық сəлемін жеткізді.
Ол іні-қарындастарын атамекеннің тыныс-тірлігінен хабардар етті. Чапаевтағы Абай атындағы мектеп-гимназияның түлегі, қатардағы даяшыдан «Тұран» мейрамханасының меңгерушілігіне қызмет сатысынан өткен Нұрбек Құмарғалиев еңбек жолы туралы әңгімеледі. Аталған мектептің тағы бір түлегі, ауыл мақтанышы Асылжан Бижанов бүгінде өзі бітірген университетте (Л.Гумилев атындағы ЕҰУ) «Қазақстан тарихынан» сабақ береді. Жас мұғалім бейбіт күннің қадірі, тəуелсіздіктің құндылығы туралы тұщымды ойын ортаға салды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елде білім алған қарауылтөбелік Бағдат Құжат та жетістікке жету жолын әңгімелеп, құрдас-тұстастарының жігерін жаныды.
Назарбаев университетінің студенті, тайпақтық Мөлдір Макимова еліміздегі бірегей білім ордасының артықшылықтарын айтып берді. Ал Қазақ Ұлттық өнер университетінің ІІІ курс студенттері Ернар Мұхамбет пен Əли Орынов əндер айтып, өлең оқыды. Студент жастар таңдаған мамандықтарының бүгінгі заман талабымен үндестігін сөз етіп, ауылға сағыныштарын жеткізді. Таяп қалған мереке – Тұңғыш Президент күнін оқуда, еңбекте лайықты қарсылау жайында да ой-толғамдар ортаға салынды.
Бекем БЕКҰЛЫ,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!