Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Ауыл» халықтық-демократиялық партриоттар партиясының облыстық филиалының конференциясы өтті.
Алқалы жиынға қатысқан партия төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев партия филиалының төрағалығына бұрынғы төрағаның орынбасары Мынатаубиік Әнесовтің кандидатурасын ұсынды. Ұсынысты партия мүшелері бірауыздан мақұлдады. Партия филиалының бұрынғы төрағасы Амангелді Баянов өз өтінішімен төрағалықтан босатылған болатын.
Басқосуда облыстық ұйымның саяси кеңесінің, саяси кеңестің президиумы құрамы, партияның ХІV сьезіне делегаттар сайланды. Партия қатарына өткен бір топ партия мүшесіне партиялық билеттер табыс етілді.
- Бұдан үш жыл бұрын Қазақстан Патриоттар партиясы мен «Ауыл» ҚСДП бірігіп, елімізде «Ауыл» халықтық патриоттық партиясы» жаңа қоғамдық бірлестігі пайда болды. Қазір партия қатарында 298 мыңнан астам партия мүшесі бар. Оның 628 мүшесі – батысқазақстандық. Барлық облыс, қалаларда партия филиалдары жұмыс істейді, - деген Әли Бектаев партияның алдында тұрған міндеттерді саралады, қолға алынған жобалар жайында әңгімеледі. Оның айтуынша, «Ауыл» партиясы ауылдың түйткілді және ауылды дамыту мәселелерін көтереді. Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласына қомақты қаржы бөлініп жатыр. Мұндай қаржы бұрынғы кеңестер одағы шекпенінен шыққан өзге ешбір мемлекетте бөлініп жатырған жоқ. Мәселе сол қаржының шаруаларға, ауылға қаншалықты жетіп жатқанында», - деп атап көрсетті партия төрағасы.
Партия «Отбасылық құндылықтар туралы» жоба жасақтап, мемлекеттік құрылымдарға ұсынған. Елбасы биылғы Жолдауында урбанизацияның табиғи үрдіс екенін, бірақ оны реттейтін жол картасын дайындауды тапсырды. Шекара өтінде тұрған ауылдардың жағдайы да партия назарынан тыс қалмақ емес. Сонымен қатар партия азық-түліктің, әсіресе, сырттан келетін азық-түлік өнімдерінің экологиялық тазалығы мәселесін көтеріп, тиісті ұсыныстарды Үкіметтің атына жолдаған. «Біз парламенттік партия болмай, партияның жұмысы өз деңгейінде жүрмейді. Сондықтан халық арасындағы жұмысты ширатуымыз керек», - деген төраға бүгінде «Нұр Отан», «Ақжол» және коммунистік партиялар парламенттік партиялар саналатынын, олардың әрқайсысының Парламентте 7-8 депутаты бар екенін айтты. Ал ауылдың мәселесін көтеретін Парламентте Сенат депутаты ретінде «Ауыл» партиясынан жалғыз депутат Әли Бектаевтан өзге халық қалаулысы жоқ.
Жиын соңында «Ауыл» партиясының «Ауылым – алтын тұғырым» атты онлайн конкурс жобасы негізінде жарық көрген «Ауылым – тұғырым» атты үш томдық жинақтың тұсаукесер рәсімі өтті. Партия төрағасы Қадыр орталығына жаңа кітаптарды салтанатты түрде табыс етті.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Instagram және Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!