Бұл жайлы Орал қаласындағы Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жастар жылы – жаңғыру жолы» тақырыбында студенттердің қатысуымен өткен шарада кітапхананың директоры Шолпан Оразаева айтты. Бүгінде кітапхананың жиырма мыңнан астам тұрақты оқырманы бар.
- Жалпы кітап оқу адамның ой өрісін, сана сезімін дамытатыны анық. Жасыратыны жоқ, қазір өз ойын ашық, еркін жеткізе алмайтын жастар бар. Мұның бәрі кітап оқымағанның кесірі. Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп бекітті. Енді осы жастар жылында өздеріңізді барынша дамытуға талпыныңыздар. Көп оқып, көп ізденіңіздер. Кітап сіздердің жастықтарыңыз, ал газет көрпелеріңіз болсын, - деді өз кезектерінде сөз алған Алматы қаласындағы «Болат» медиа мекемесінің басшысы, «Үш қоңыр» республикалық әдебиет, мәдениет, өнер газеті редколлегиясының бас кеңесшісі Болат Батырұлы.
Шара барысында студенттер «Оқитын жастар» алаңында Әбіш Кекілбаев пен Әбділда Тәжібаевтың шығармалырын мәнерлеп оқыды. «Жұлдызды жастар» алаңында «Ұлы дала елінің болашағы – жастар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, студенттер өздерінің осы күнге дейін жеткен жетістіктерін әңгімелеп берді. Сондай-ақ «Үздік оқырман», «Белсенді оқырман» аталымдарымен бірқатар студенттер марапатталды.
Есенжол Елекенов,
zhaikpress.kz