23.05.2019, 9:57
Оқылды: 48

«ҚПО» бес келісімшартқа қол қойды

Оралда «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» (ҚПО) «Мұнайгаз өнеркәсібіне арналған машина жасау» кластерінің жол картасын жүзеге асыру шеңберінде жергілікті қамтуды дамыту жөнінде семинар-кеңес өткізді. Бас қосуға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

 kpo (1)

Жиынды ашқан «ҚПО б.в» компаниясының бас директоры Эдвин Блом жергілікті қамтуды дамыту бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде бірлескен жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды.

-Екі жыл бұрын облыс әкімдігімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатынбыз. Қазақстанда жергілікті қамту жұмыстары табысты болса, онда қажетті тауарлар үшін сыртқа жүгінбейтін боламыз. Жұмыс процесі барысында шығынды барынша азайтуға ұмтыламыз. «ҚПО» жергілікті өндірісшілерді барынша қолдап, өндіріске қажетті қарапайым тауарлардан бастап күрделі тауарларға дейін жергілікті қамтушылардан алуға ұмтылады. Жақында компанияның серіктестері арасында кен орнында 4-компрессор қондырғысы жобасы бойынша келісімшартқа қол қойылды. Бұл Қарашығанақ кен орнын игерудің маңызды кезеңіне жол ашады. Жобаның басталуымен Қазақстан Республикасы және Қарашығанақ жобасы бойынша компанияның серіктестері қосымша қомақты табыс табады. Сондай-ақ бұл жоба кен орнындағы өзге де инвестициялық ірі жобаларды «жандандыруға» септігін тигізеді. Жобаны іске асыруда қаржының 40 пайызы жергілікті қамту үлесіне тиеді. Құрылыс барысында инвестициялау бойынша инфрақұрылымға 25 млн. АҚШ доллары жұмсалмақ. «ҚПО» үшін өңірдің тұрақты дамуы өте маңызды, - деді Блом Эдвин.

kpo (2)

Оның айтуынша, «ҚПО»-ның нақты бағытталған іс-әрекеттері арқасында батысқазақстандық мұнайгаз машина жасау компаниялары тапсырыстар алуда. Мысалға, тапсырыс алып отырған алты кәсіпорынның бірі «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ның сервистік орталығы General Electric Fram газ турбинасын жөндеуге алғашқы тапсырыс алған. Ал 2018 жылдың соңында «БҚМК» компаниясы ҚПО тапсырысы бойынша сепаратордың 200 ішкі пластинасын дайындады. Өңірдегі төрт зауыт («Зенит», «Гидроприбор», «БҚМК», «Орал механикалық зауыты») клапандарды жөндеуге тапсырыс алды. Ақсай қаласындағы өндірісшілер фланцтерді, бекіту материалдарын, каустикке арналған сыйымдылықтарды шығаруға кірісті. «Зенит», «Ақсайгазсервис» компаниялары халықаралық сертификаттарға ие. «ҚПО» соңғы үш жылда (2016-2018 жылдары) жергілікті қамту үлесін 48%-дан 60%-ға дейін өсірді. 1997 жылғы өнімді түпкілікті бөлу жөніндегі келісімге қол қойылғаннан бергі уақыт ішінде тауарлар жеткізу, қызмет көрсету саласындағы жергілікті қамту үлесі бүгінде 7 млрд. АҚШ долларын құрады.

«ҚПО»-ның бас директоры жергілікті өндірісшілерге бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында тауар сапасын көтеруді ұсынды. Сондай-ақ машина жасау кластері шеңберінде жергілікті қамтуды дамыту бойынша жергілікті компанияларға «ҚПО»-ның көмек көрсетуге дайын екендігін айтты.

kpo (4)

-Еліміздегі қолайлы инвестициялық климат нәтижесінде ірі шетелдік компаниялар келіп, жұмыс істеуде. Мемлекетіміз өндірістің, соның ішінде өңдеу өнеркәсібінің, еліміздің индустриалды дамуына аса мән-маңыз беріп отыр. Өйткені бұл ілгерілеудің алғышарттары. Бизнестің тұрақты дамуы экономиканың негізі екені сөзсіз. Елбасының индустриалды саясатының нәтижесінде елімізге көптеген трансұлттық корпорациялар жұмыс жасауға келді. Соның бірі - өңіріміздегі «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясы. Жақында облысқа жұмыс сапарымен келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өндіріс саласына аса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар зауыттарға инвестициялар тарту маңыздылығын атап көрсетті. Осы жұмысты серіктестерімізбен бірге атқаратын боламыз. Бірінші, екінші бесжылдық бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру 2,5 есе өсті, инвестицилық жобалардың өсімі 3 есе болды, оның ішінде сыртқы инвестициялар 60%. Өнеркәсіп өнімдері өндірісі бойынша БҚО республикада 4-орында және республика бойынша үлесі 9% шамасында. Ішкі тауар өндірісі өнімі 80%-ды құрады. Жергілікті қамту үлесі 470 млн. АҚШ долларға жетті. Бұрын ондай тауарларды шетелдерден тасымалдайтынбыз, қазір өзімізде өндірілуде. Жол картамыздың нақты жоспары бар. Жергілікті қамтуды дамыту бойынша жұмыстар әрі қарай жалғасады. Жергілікті қамту бойынша тек біздің өңірдің емес, өзге де облыстардың кәсіпорындары қамтылуда. 2017-2018 жылдары «ҚПО»-мен ұзақ мерзімді, соның ішінде Батыс Қазақстан облысымен 4,2 млрд. доллар көлемінде келісімшарт жасалды. Бұл – қомақты қаражат. Біз инвесторлардың жұмысы жақсы жүруі үшін оларға қолайлы жағдай жасаймыз. «ҚПО» жергілікті тауар өндірушілермен табысты жұмыс істеуде,- деді жиында облыс әкімі Алтай Көлгінов. Одан кейін облыс әкімі «ҚПО б.в» компаниясының бір топ қызметкеріне жергілікті қамтуды дамытуға қосқан үлестері үшін алғысхат табыс етті.

kpo (3)

Жиында сөз алған бірқатар қатысушылар облыстағы машина жасау саласын дамыту мәселелерін талқылады. «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның бас директоры Ақжол Сауранбаев Қарашығанақ жобасын отандық өніммен қамтуда айрықша ілгерілеу барын айтты. «ҚПО»-ның қазақстандық бизнесті дамыту жөніндегі басқарушысы Бейбіт Сабыров мұнайгаз кластері жол картасын таныстырды.

Бас қосу барысында облыста және өзге де өңірлерде трансформатор, сүзгі элементтері, мотор майы және өзге де тауарлар өндіруге ұзақ мерзімдік жаңа келісімшарттарға «ҚПО б.в» компаниясы және «Орал трансформатор зауыты», «Ақсайгазсервис», «Сentech», «Novus csealing», «Aspian sealing» компаниялары, отандық өндірісшілер қол қойды. Енді «Орал трансформатор зауыты» Қарашығанақ жобасын өз өнімдерімен қамтиды. Осы келісімшарт арқасында оралдық компания төрт жылға тапсырыспен қамтылды.

Гүлбаршын Әжігереева,

суретке түсірген Александр Куприенко,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале