29.05.2019, 12:44
Оқылды: 81

Бөкей ордасының түлектері 7 000 000 теңгеге тарту жасады

Бөкей ордасы ауданындағы мектеп түлектері туған жерлеріне 7 000 000 теңге тұратын сыйларын тарту етті.

 tulekter (1)

Таратып айтсақ, Ұялы ауылындағы Ш.Жексенбаев атындағы мектепті 20 жыл бұрын бітірген түлектер де ауылдың спорт сүйер балғындарына «Ұшқын» балалар спорттық алаңын салып берді. Онда мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге құмы мен карусель, әткеншегі бар ойын алаңы, жоғары сынып оқушыларына футбол, волейбол, баскетбол ойындарына арналған спорт алаңдары бөлек-бөлек қарастырылған. Алаңды салуға 1 млн. 200 мың теңге жұмсалыпты. Бұған қоса мектептің спортқа белсенді оқушыларына 15 дана спорттық формасы мен түрлі доп тарту етті.

Бөрлідегі М.Бегалиева мектебінің 1999 жылғы түлектері де ауыл жастарына волейбол, баскетбол ойнайтын спорт алаңын сыйға тартса, сол ауылдың жергілікті шаруа қожалықтарының демеушілігімен мектеп ішіне музей жасақтап берілді.

Мұратсайлық 2009 жылғы түлектердің сауапты ісін көпке үлгі қылуға болады. А.Құсайынов атындағы мектепті осыдан 10 жыл бұрын тәмамдаған түлектер өздерінің мерейлі күнін дүркіретіп той тойлаудан бас тартты. Оның орнына олар ауыл тұрғыны, зейнеткер Нұрзия Мамилинаның үйіне көгілдір отын кіргізіп, қуантуды жөн санаған. Түлектердің тартуы тек бұл емес. Ораза ұстап жатырған барша ауыл тұрғындарына ауызашар беріп, көпшіліктің алғысына бөленді. Бұған қоса мектепке музыкалық аспап та тарту етті. Сондай-ақ, мерекеге сай ұйымдастырылған волейбол ойынына да ақшалай демеушілік көрсетті.

IMG-20190527-WA0001

Аудан орталығындағы М.Мәметова мектебінің 1999 жылғы түлектері аудан орталығындағы балалар алаңына әткеншек, турник, тағы басқа түрлі ойнайтын құрылғылар тарту етті. Ал 1979 жылғы түлектер қазақтың ұлттық киімдерін сыйға тартты.

Бисен ауылындағы Б.Жәнекешев мектебінің 1979 жылғы түлектері ауыл ішіне «Бисен – туған өлкем» экспозициясын сыйға тартса, 1999 жылғы түлектер Бисен ауылдық мешітіне музыкалық аппаратура (дауыс зорайтқыш) мен мешіт ішіне керекті төсеніш, ыдыс-аяқ, басқа да  кішігерім жиһаздар бен құрал-жабдықтар сыйлап, ауызашар берді.

Саралжындағы Қ.Сағырбаев мектебін он сегіз жыл бұрынғы түлектері алтын ұяларына музей жасақтап берді. Ал 1999 жылғы түлектер туған өлкелеріне «Менің жүрегім Саралжын» экспозициясын және алтын ұя мектептеріне 20 спорттық форма сыйлады.

Айша Құрмаш,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале