Бүгін М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесе «Арнайы және инклюзивті білім беру жағдайында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтендірудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Cеминарда Польша елінен профессор Дорота Подгорска-Яхник және Алматы қаласынан келген педагогика ғылымдарының докторы Жаннат Сардарова пікірлерін білдірді.
Аталған шара Ресей Федерациясының және Қазақстан Республикасының педагогтары мен дефектологтарының белгіленген мәселелерді шешуде күш-жігерін біріктіруге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Семинарды өткізу 2 панельдік пікірталасты қамтыды.«Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасында арнайы және инклюзивті білім беру – ерекше білімді қажет ететін тұлғаларды әлеуметтендіру факторы ретінде» атты 1 панельдік пікірталас шеңберінде Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінен арнайы келген ғалым, психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты, доцент Ю.Королевамен онлайн байланыста «Білім – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтендіру факторы ретінде» тақырыбында талқылау өтті.
М. Өтемісов атындағы БҚМУ педагогикалық факультетінің деканы, п.ғ.к., доцент Ш.Габдрахманова «Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында инклюзивті білім беруді дамытудың өзекті мәселелері», Зерде бұзылысы бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат педагог-психологі Ж.Мұрат «Арнайы (түзету) мектепте зияты бұзылған балаларды әлеуметтендіру» тақырыбы аясында тәжірибелерімен бөлісті.
«Білім берудің әртүрлі сатыларында мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды әлеуметтендіруді психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу» атты 2 панельдік пікірталас шеңберінде инклюзивті білім беру жағдайында мұғалімдердің жұмысқа дайындығын қалыптастырудың әдіснамалық негіздері, инклюзивті білім беруде есту қабілеті бұзылған балаларды әлеуметтендіруді педагогикалық сүйемелдеу, мектепке дейінгі ұйымдарда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендірудегі инклюзивті білім беру кабинетінің рөлі талқыланды.
Халықаралық семинарды ұйымастырушылардың бірі, педагогикалық факультетінің деканы, п.ғ.к., доцент Ш.Габдрахманова инклюзивті ортаны жоғары оқу орындарында қалыптастырудың жолдарын атап, инклюзивті білім беру тәжірибесінің ұтымды үлгілері мен кедергілерді шешудегі мәселелерді айтып өтті. Инклюзивті мәдениет, кедергісіз орта қалыптастыру бағытында Польша, Ресей, Белоруссия елдері ғалымдарымен бірлескен жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар ерекше қажеттіліктері бар білім алушыларға оқу бағдарламаларын бейімдеудің тиімді жүйесін құру туралы ұсынысын да берді.
Семинар қорытындысында инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін шешу жолдары қарастырылып, ұсыныстар енгізілді.
Рита Сұлтанғалиева,
М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың баспасөз қызметі