Орал қаласы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің 9-сынып оқушысы Дайана Амангелді В.Вернадский атындағы жасөспірімдердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының Бүкілресейлік ашық конкурсында 1-орынды жеңіп алды. Сонымен қатар қазақстандық оқушының жобасы «Ең үздік экологиялық-танымдық жұмыс» аталымымен марапатталды.
Пандемияға байланысты жарыс биылғы оқу жылы онлайн режимде өтті.
Дайананың Жайық өзенінің ластану себептері, биоалуандықты сақтау және жағдайын қалыпқа келтіру мәселелерімен айналысып жүргеніне біраз болды. Ол SPARK жүйесі жабдықтарымен Жайықтың биологиялық түрлігін зерттеді, өсімдік түрлерін анықтады, абиотикалық факторлар мен өзеннің батпақтығын қарастырды.
– Зерттеу мәліметтері биоалуандықтың жоғары деңгейін, сондай-ақ өзендегі топырақ пен судың ластану проблемасын көрсетті. Мен экологиялық зерттеуімді міндетті түрде жалғастырамын, – дейді Дайана.
Жас эколог өзінің жетекшілері – биология пәнінің мұғалімі Шолпан Истаева және орыс тілінен мұғалім-эксперт Оксана Опряның рөлін ерекше атап өтті.
Айдана Хамидуллина
Оралдағы НЗМ баспасөз хатшысы
zhaikpress.kz