Өйткені биыл Деповская 18 және 2-километр көшесі 20, 21, 22 мекенжайындағы апатты деп танылған 4 үй сүріліп, оның орнына көп қабатты үйлердің құрылысы басталады. Бірінші мекенжайдағы үйдің орнына 90 пәтерлік 9 қабатты, қалған үш үйдің орнына 144 пәтерлік 9 қабатты жаңа үй салынады.
Мұндай игі шаруа шаһардағы апатты үйлердің тұрғындарын баспанамен қамтуға бағытталған қанатқақты жобаның аясында жүзеге асырылмақ. Түйткілді мәселенің түйіні мемлекеттік-жеке меншік әріптестік шеңберінде тарқатылған. «БолашақТ» және «СВ плюс» құрылыс компаниялары бұл іске білек сыбана кірісуге тілек білдірді. Жоба бойынша Орал қалалық әкімдігі, құрылыс компаниялары және тұрғындар арасында үш жақты келісімшарт жасалып, қол қойылды. Қалалық әкімдік құрылыс жұмыстары кезінде тұрғындарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Құрылысшылар үйді салып болған соң тұрғындарға, яғни бұрынғы үйлерде тұрған 48 отбасыға жаңа бой көтерген үйлерден ескі пәтерлерінің ауданына сәйкес баспана жеке меншікке беріледі. Жаңа үйлерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мемлекет есебінен жүргізіледі.
Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, облыс орталығындағы 32 үй апатты жағдайда деп танылған. Бұл үйлерде 325 отбасы тірлік етеді. Өзге үйлердің де мәселесі осы үлгіде кезең-кезеңмен шешілмек.
– Үш жыл бұрын осы үйдің екінші қабатынан аумағы 31 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтерді сатып алдым. Өзімше жамап-жасқадым. Бірақ апатты жағдайда деп танылған үй болған соң, қабырғалары шытынап, жарылып тұр. Әр жерінен тарпа салынып, әрең тұр. Бір күні құлап кете медеп қауіптенетінмін. Мәселенің сәтімен шешіліп жатқанына қуаныштымын. Уақытша пәтерге көшіп бардық.
– Пәтерімнің едені шіріп, қабырғасы шалқайып кетті. 1958 жылы салынған әбден тозығы жеткен үй ғой. Апатты деп танылғанына біраз жыл болды. Енді мына қанатқақты жобаға ілінгені жақсы болды. Келісімшарт жасадық. «Болашақ Т» компаниясы мына жерге үй салған соң, бізді кері көшіреді. Бұрынғыдай бір бөлмелі пәтеріміз болады. Қуаныштымын.