Сол себепті ҚР Білім және ғылым министрлігі биылдан бастап осы бағытта магистрларды дайындауды бастамақшы. Ағымдағы бейіндік магистратура бойынша 1900 адам қабылданады. Ал келесі жылдары 2500-ден 3000-ға дейін адамды қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы кеше ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-дағы брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті. 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға қажетті кадрлар толығымен дайындықтан өтіп, жұмысқа кірісетін болады.
– «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ең басты мәселенің бірі - оқу бағдарламаларын құру мен жаңа зертханалар салу. Оқу бағдарламаларын қазір 24 ЖОО арнайы дайындауда. Сонымен бірге 24 жаңа зертхана құруды жоспарлап отырмыз. Металлургия, мұнай химиясы, инженерлік бейінді, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, химия, құрылыс материалдарын жасау, автоматтандыру және басқару техникасы, ғарыш технологиясы, ақпараттық коммуникациялар технологиясы зертханалары салынатын болады. Бұл зертханаларды пайдаланудың тиімділігін қамтамасыз етеміз және осыған байланысты бүгінгі таңда арнайы қаржы бөлінуде, - деді ол.
Осы брифингке қатысқан «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметовтың айтуынша, 1823 қазақстандық жас әлемнің 200 үздік ЖОО-сында білім алуда. Ағымда-ғы жылы 780 адам «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанды. Олардың 121-і - мемлекеттік қызметші, 72-сі - ғылыми педагог, 101-і - ЖОО түлегі, 298-і – тағылымдамадан өтуші, 150-і - өз бетімен оқуға түскен, төртеуі - мәдени қызметкер, 34-і - БАҚ өкілі. «Бағдарлама жүзеге асырылған 21 жылдың ішінде Қазақстанға 7 737 түлек оқуын аяқтап келіп, қазіргі таңда жұмыс істеуде, - деді Ғ. Нығметов. – Олардың қатарында 2 мыңнан астам бакалавр, 4 мыңға жуық магистр, 172 маман, 80 PнD докторы, 134 аспирантура, интернатура түлектері және 1 мыңнан аса тағылымдамадан өткен адам бар».