31.08.2026, 12:00
Оқылды: 8

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда не өзгереді? 

Қыркүйек айында қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр,- деп жазады baq.kz

 ЖП куз Орал (3)

Сурет: Сайт архивінен 

Жаңа оқу жылымен бірге мектептерде жаңа ережелер енгізіледі, зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндігі кеңейеді, биологиялық белсенді қоспаларға цифрлық таңбалау енгізіледі. Сонымен қатар паспорт рәсімдеу, тұрғын үй, салық және басқа да салаларда жаңа талаптар мен маңызды мерзімдер бар.

Оқушылар мектепке оралады

Биыл жаңа оқу жылында еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Ал 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданып, 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшеді.

Мектептерде бағалау жүйесі өзгереді

1 қыркүйектен бастап бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша және тоқсан бойынша жиынтық бағалау тоқтатылады. Оның орнына диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстар қолданылады.

Сонымен қатар мектеп бағдарламасына жаңа міндетті курстар енгізіледі. 5-7-сынып оқушылары «Конституция негіздерін», 8-11-сыныптар «Заң және тәртіпті», ал 5-11-сыныптар «Жеке қауіпсіздік» курсын оқиды. Бұдан бөлек, «Құқық негіздері» пәні барлық оқушы үшін міндетті болады.

Сабақ кезінде телефон қолдануға шектеу қойылады

Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға сабақ кезінде ұялы телефон пайдалануға болмайды. Оны тек оқу жоспарында қарастырылған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі.

Телефондарды сабақ уақытында қайда және қалай сақтау керегін әр мектеп өз тәртібімен белгілейді.

Мұғалімдерді аттестаттау өзгереді

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап педагогтерді аттестаттаудың жаңа тәртібі пилоттық режимде іске қосылады. Педагогтің кәсіби цифрлық бейіні қалыптастырылып, бағалау кезінде сабақ сапасы, оқушылардың оқу нәтижелері, кәсіби жетістіктері, біліктілікті арттыруы және басқа да кәсіби көрсеткіштері ескеріледі.

Пилоттық жоба аясында эссе, авторлық бағдарлама және оқу-әдістемелік материалдарды міндетті түрде әзірлеу талабы болмайды. Қолданыстағы біліктілік санаттары олардың мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

Зейнетақы жинағын жеке басқарушы компанияға беруге болады

7 қыркүйектен бастап қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейінгі бөлігін инвестициялық портфельді басқарушы жеке компанияларға бере алады.

Яғни салымшы зейнетақы жинағын Ұлттық банктің басқаруында қалдыруды немесе жеке басқарушы компанияға беруді өзі шешеді.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында басқарушы компаниялардың шарттарымен танысып, өзіне қолайлы нұсқаны таңдауға болады.

Кейбір азаматтар декларация тапсыруы керек

15 қыркүйекке дейін кейбір қазақстандықтар 2025 жыл бойынша кірістері мен мүлкі туралы 270.00 нысанындағы декларацияны тапсыруы тиіс.

Олардың қатарында мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, жеке практикамен айналысатын азаматтар, цифрлық актив иелері және өз бетінше салық төлеуге міндетті табыс алған адамдар бар.

Сондай-ақ 2025 жылы Қазақстанда немесе шетелде жалпы құны 20 мың АЕК-тен, яғни 86,5 млн теңгеден асатын мүлік немесе басқа активтер сатып алған азаматтар да декларация тапсыруы қажет.

ББҚ-ға цифрлық таңбалау енгізіледі

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі.

Осы күннен кейін өндірілген немесе елге әкелінген ББҚ-ның қаптамасында бірегей Data Matrix коды болуы тиіс.

Бұл код арқылы өнімнің шығу тегін және оның заңды айналымда екенін тексеруге болады. Бұған дейін өндірілген, бірақ таңбаланбаған ББҚ-ны жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін сатуға рұқсат етіледі.

Шетелдегі қазақстандықтар паспортын жаңа тәртіппен рәсімдейді

1 қыркүйектен бастап шетелде жүрген қазақстандықтардың паспорт рәсімдеу тәртібі өзгереді.

Елшіліктер мен консулдықтар арқылы құжат тапсыра алатын азаматтардың санаты нақтыланады. Олардың қатарында шетелде тұрақты тұратындар, студенттер, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер, шетелде туған кәмелетке толмағандар, қарттар және мүгедектігі бар азаматтар бар.

Құжатты рәсімдеу мерзімі дипломатиялық өкілдіктің цифрлық жүйеге қосылған-қосылмағанына байланысты 40 жұмыс күнінен 90 күнтізбелік күнге дейін болуы мүмкін.

Мемлекеттік жалдамалы баспананы ауылда өзіңіз таңдауға болады

Қыркүйекте ауылдық елді мекендердегі мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйді бөлу тәртібі де өзгереді.

Тұрғын үйге мұқтаждар кезегінде тұрған азаматтарға өз ауданы аумағындағы қолжетімді жалдамалы баспананы өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі.

Өтінім қабылдаудың алғашқы кезеңі 1-7 қыркүйек аралығында «Отбасы банк» платформасы арқылы жүргізіледі. Өтінім беру үшін электрондық цифрлық қолтаңба қажет.

4 қыркүйектен бастап қараусыз жануарларды аулау тәртібі өзгереді

4 қыркүйектен бастап қараусыз жануарларды аулау, уақытша ұстау және эвтаназиялау бойынша жаңартылған ережелер күшіне енеді.

Жануар адам өмірі мен денсаулығына, басқа жануарларға немесе мүлікке қауіп төндірген жағдайда жергілікті атқарушы органдар шұғыл шара қолдана алады.

Сонымен қатар қаңғыбас мысықтарды олардың санын реттеу мақсатында ұйықтатуға тыйым салынады. Иттерге қатысты эвтаназия заңда белгіленген жағдайларда ғана жүргізіледі.

Бейнебақылау камераларына бірыңғай талап қойылады

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда бейнебақылау жүйелеріне арналған алғашқы ұлттық стандарт қолданысқа енеді.

Жаңа салынып жатқан немесе қайта жаңғыртылып жатқан ғимараттарға орнатылатын камералар белгіленген талаптарға сәйкес болуы керек.

Стандарт камералардың ажыратымдылығына, жарық сезімталдығына, бейнежазба жиілігіне, объективтеріне және орналасуына қойылатын талаптарды белгілейді.

Бейнебақылау жүйелері ақпаратты үздіксіз жазып, оны кемінде 30 тәулік сақтауы тиіс.

Мектептердегі медициналық тексеру цифрлық форматқа көшеді

1 қыркүйектен бастап мектептердегі профилактикалық медициналық тексерулер мен мектеп медицинасының жаңартылған жүйесі кезең-кезеңімен енгізіледі.

Балаларды тексеру кезінде цифрлық электрокардиографтар, фонендоскоптар, пульсоксиметрлер, отоскоптар және басқа да заманауи диагностикалық құралдар пайдаланылады.

Баланың денсаулығына қатысты мәліметтер цифрлық жүйелерде жинақталады. Бұл медициналық тексеру нәтижелерін, қауіп факторларын және мамандарға жолдамаларды бір жүйеде бақылауға мүмкіндік береді.

Базалық мөлшерлеме бойынша жаңа шешім қабылданады

4 қыркүйекте Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды.

Қазір базалық мөлшерлеме 16,75% деңгейінде.

Базалық мөлшерлеме экономикадағы ақша құнына әсер етеді. Оның деңгейіне несие мен депозит бойынша сыйақы мөлшерлемелері де байланысты. Мөлшерлеме жоғарылаған сайын қарыз алу қымбаттап, жинақ сақтаудың тартымдылығы артады.

15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация басталады

Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация 15 қыркүйектен басталады.

Екпе жұқтыру қаупі жоғары азаматтарға, оның ішінде созылмалы аурулары бар адамдарға, мектеп оқушыларына, жүкті әйелдерге, қарттарға және ерте жастағы балаларға жүргізіледі.

Вакцина алуы тиіс азаматтардың тізімі 3 қыркүйекке дейін жасалуы керек.

1 қазанға дейін мүлік салығын төлеу қажет

Қыркүйекте азаматтар үшін тағы бір маңызды мерзім бар. 1 қазанға дейін 2025 жыл үшін мүлік салығын төлеу қажет.

Салық пәтер, тұрғын үй, саяжай, гараж, автотұрақ орны және заңнамада көрсетілген басқа да жылжымайтын мүлік нысандарына қатысты есептеледі.

Салық сомасын электрондық үкімет сервистері, банк қосымшалары және мемлекеттік кірістер органдарының сервистері арқылы тексеруге болады.

Төлем белгіленген мерзімде жасалмаса, келесі күннен бастап өсімпұл есептеледі.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале