29.08.2024, 12:15
Оқылды: 345

Африкада маймыл шешегіне шалдыққандар саны 22,8 мыңға жетті

2024 жылдың басынан бері африкалық елдерде mpox вирусына («эмпокс» – маймыл шешегінің жаңа атауы) шалдыққандар саны 22,8 мың адамға жеткен. Бұл туралы Африка Одағының медициналық қызметі – Африканың ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары мәлімдеді, деп хабарлады ТАСС ақпарат агенттігі, деп жазды ҚазАқпарат.

D6C0F182-B21E-4007-991B-EB2A6BB75C7C

Сурет: istockphoto.com

Жыл басынан бері вирус жұқтырған 622 адам қайтыс болған. Кейінгі аптада ауруға шалдыққандар саны 200%-ға өсті.

Mpox індетінің ошағы – Конго Демократиялық Республикасы (КДР). Аурудан ең көп зардап шегетін жас тобы – 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер.

Кейінгі уақытта медициналық қызметтердің вирус жұқтыру жағдайлары мен қайтыс болғандар саны туралы мәліметтері әртүрлі болып шыққан. Бұл кейбір қызметтердің тек зертханалық расталған жағдайларды санайтынына байланысты, ал басқалары mpox күдікті жағдайларын да санайды.

Қазір құрлықтың денсаулық сақтау саласында mpox таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланды.

Ауру жұқтырған адамдар Африканың 18 елінен анықталды. 14 тамызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Африкадағы mpox індеті халықаралық алаңдаушылық тудыратын қоғамдық денсаулық сақтау төтенше жағдай екенін жариялады. 

Еске сала кетсек, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі маймыл шешегін анықтауға арналған ПТР сынақтары сатып алынғанын мәлімдеген болатын. Бұл ретте ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Нұрлыбаев Қазақстанда маймыл шешегі ауруының өршу ықтималдығы аз екенін айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР бас санитарлық дәрігері елге маймыл ауруының әкелінуіне жол бермеу туралы қаулыға қол қойған. 

Kazinform үшін ТАСС серіктес агенттігі арнайы ұсынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале