20.11.2021, 10:41
Оқылды: 383

Ауыл шаруашылығы мамандарына құрмет

Елімізде қарашаның үшінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күн қарсаңында  Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да аталмыш сала мамандарының, агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің басын қосқан мерекелік жиын өтті.

83D35AC3-08E2-4CDA-BD89-516F26C9D4FE   – Ауыл шаруашылығы  – азаматтарымыздың өмір сапасына тікелей әсер ететін экономиканың басты салаларының бірі. Күрделі салада қажырлы еңбек етіп, отандық аграрлық сектордың дамуына зор үлес қосып келесіздер. Өңіріміздің тұрғындарын азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіп, егіс  және егін жинау науқандарын жүйелі жүргізген ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу кәсіпорнының қызметкерлері барлық құрметке лайық деп білемін, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев сала мамандары мен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ аталмыш саладағы оң өзгерістер мен атқарылып жатқан іс-шараларды баяндады.  

– Бүгінгі таңда өңіріміздегі агроөнеркәсіп саласында 50 мыңға жуық адам еңбек етуде. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облыстың ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 189,0 млрд. теңгені құрап отыр. 2021 жылы бұл саланы қолдауға мемлекет тарапынан 19,2 млрд. теңге  бөлінді. Сонымен қатар жыл басынан бері «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдарының облысымыздағы филиалдары арқылы 18,7 млрд. теңге несие  саланың дамуына бағытталды. Оның ішінде 7,2 млрд. теңгеге 975 ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдығы лизингке сатып алынды. Өткен жылмен салыстырғанда несие ресурстары 1,1 млрд. теңгеге немесе 106,4%-ға артты. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың айқын көрінісі, – деді облыс басшысы. Былтыр шаруалар үшін қиын жыл болғанмен, мал шаруашылығында оң өзгерістер байқалған. Етті бағыттағы ірі қара мал саны 229,3 мың басты құрап, облыс республикада екінші орынға шыққан екен. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін облыста 54 мың басқа арналған 27 бордақылау алаңы жұмыс істемек. Өңір басшысы кооперативтерге бірігудің жақсы үлгісі ретінде «БҚО омарташылары» кооперативін атап өтті. «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық, қолжетімді болуын міндеттеді. Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидия реформасын қайта қарап, жаңа тұжырымдама әзірлеуде. Алдағы уақытта демеуқаржы алатын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің нақты жоспары мен жұмыс нәтижесі болуы керек. Субсидия алушыға жүктелетін жауапкершілік те еселене түспек. Яғни демеуқаржының тиімді екеніне көз жеткізуіміз қажет», – деген  облыс басшысы қажырлы еңбектерiмен  ел экономикасының дамуына қомақты үлес қосып жүрген сала мамандарына табыс тіледі.

E45C1075-8EF2-43C4-958A-3DD9AA6531CD

Атқарылған істерді саралаған баяндамадан соң, салтанатты жиын мерекелік марапаттарды табыстауға ұласты. Ғали Нәжімеденұлы алдымен осы саланың ардагерлері, майталман мамандары ақжайықтық Тұрсынғали Балапанов, бәйтеректік Владимир Ульянов, бөкейордалық Амиржан Хатаев пен Қияс Нуршин, казталовтық Талап Мұқановты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады. Сондай-ақ «Нива», «Шамурат», «Айдын»,  «Ермек», «Сауғабай», «Дәурен», «Мирлан»,  «Жұмағалиев» шаруа қожалықтарының басшылары мен Казталов ауданындағы «Қамқор» ШҚ механизаторы Жұмағұл Қажғалиевке  ҚР АШМ-ның «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісін табыс етті.

9C5FDE27-EEEC-49C1-9D7B-842CAACC4244

Сонымен қатар саланың үздіктері «Үздік бақташы», «Үздік шопан», «Үздік жылқышы», «Үздік  агроном»,  «Үздік механизатор» және басқа  да бірнеше аталым бойынша облыс әкімінің алғысхатын алды. Сондай-ақ осы салтанатты жиында облыс әкімі Ғали Есқалиев "Үздік ауыл әкімі" республикалық конкурсының жеңімпазы Тасқала ауданындағы Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбылға аталмыш марапатты табыстады. Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет граматосы мен алғысхаттарына ие болған  шаруалар мен қызметкерлердің аты-жөндері аталып, құрмет көрсетілді.

8841C035-CA49-4DF1-AB24-331EE2DE6359

Аталмыш сала  мамандарын даярлайтын оқу орнында ауыл шаруашылығы техникалары мен тамақ және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің көрмесі де ұйымдастырылды. Сонымен бірге университетте көрсетілетін зертханалық қызметтер, өсімдік шаруашылығы мен тағам қауіпсіздігі, ірі қара мал шаруашылығында қолданылатын озық технологиялар бойынша семинарлар, ақжайық етті-жүнді қой тұқымының шығарылғанына 25 жыл толуына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.  

B0BB599A-8513-4592-9FBA-0807208BFB50

39418910-3C76-4AE5-A4B2-1B7DA9F449B7

15543BBD-D6CB-4411-99FA-AFFD93E0F1AE

84CCB886-CF82-465E-A146-FA687A96B063

0EBF8489-BA2D-41C8-B675-23C2BEE85042

Өз тілшіміз

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале