25.07.2023, 10:30
Оқылды: 17

«Бізге талапқа сай емес арықтың қажеті жоқ!»

Орал қаласының әкімі М.М.Сатқановтың назарына!

 Деркөл кентінің Сарыарқа шағынауданындағы Тақсай көшесінде арық салынып жатыр. Алайда аталмыш көшенің тұрғындары суағардың ешқандай талапқа сай емес екенін айтып, оны қайтадан көміп тастауды талап етіп отыр.

шагым

Өткен жұмада «Орал өңірі» газетінің редакциясына Тақсай көшесіндегі 35-үйдің тұрғыны Самал Қазиев келіп, осы мәселені құзырлы құрылымдарға жеткізуді сұрады. Өзімен бірге бірнеше көршісі қол қойған арыз-шағымды әкелді. Біз осы мәселе бойынша көше тұрғындарымен кездесіп, арықты көріп қайттық.

Таксай кошеси (3)

– Тақсай көшесінде салынып жатқан арық ешқандай талапқа сай емес. Бұлай деуге бірнеше себеп бар. Біріншіден, арықтың тереңдігі – 1,30 сантиметр. Астындағы астауын қоса есептегенде жалпы тереңдігі 1,50 см болады. Ал содан 50 сантиметр тереңдікте тұрғын үйлерге ауыз су жеткізетін пластик құбыр тартылған. Арық күзде жауын-шашын суымен, қыста қармен толады. Тоң қатады. Соның салдарынан су құбыры да қатып, істен шығады. Яғни тақсайлықтар сусыз қалады деген сөз. Ал қыстың көзі қырауда су болмаса, пешті қалай жылытамыз, ауыз суды қайдан тасимыз? Екіншіден, арыққа балалар құлап кете ме деп алаңдап отырмыз. Осынша терең арықтан бала өздігінен шыға да алмайды. Біреу құлап кетіп, мерт болса, кім жауап береді? Өткенде бір тәулік бойы жауған жаңбырдан кейін арық суға толды. Бұрын прораб болып қызмет істеген көршілер де арықтың ешқандай талапқа сай еместігін айтып отыр. Біз бұл мәселені кенттің әкіміне, оның орынбасарына, депутатқа да айттық. Олар «Күзгі суықта су қатып қалса, біз жауап бермейміз» деп отыр, – деді Самал Қазиев.

«Қандай да бір жобаны бастарда халықпен кездесіп, ақылдасып жасамайтын ба еді?», – деген Төлеген Қабдолов есімді ақсақал да көршісінің сөзін қуаттады.

d74fa9d3-a46d-4800-beba-9a527148a114

Тақсай көшесіндегі №23, 27/1, 32, 33, 37 үйлердің тұрғындары да көршілерінің сөзін қостады. Олар тағы да бірнеше мәселені алға тартты. Мысалы, арық желісі электр бағанасы мен газ құбырының екі ортасынан қазылған. Бағана мен арықтың арақашықтығы – 48 сантиметр. Қатты жел тұрса, бағананың құлауы  әбден мүмкін. Себебі арықтың дымқыл топырағы қазірден-ақ опырылуда. Сонымен қатар суағар газ құбырына да өте жақын қазылған. «Шыны керек, бұл арықтың кемшілігі өте көп. Әдетте су ағатын арық жолдың жиегінде болмаушы ма еді? Біздің көшедегі арықты үйдің іргесінен жүргізуде. Көшедегі жолдың жиегінде жиектас (бордюр) жоқ. Сондықтан көлік жүргізушілері де абайламаса, темір тұлпармен арыққа  түсіп кетулері ғажап емес. Біздің уәжімізді тыңдаған әкім мен оның орынбасары, мердігер мен депутат «Мәселені шешеміз» дегеннен артық ештеңе демеді. Әу баста бізге көшеде арық жүргізілетінін ешкім ескерткен жоқ. Тек есік алдындағы құрылыс материалдарын жинап алуымызды сұрады. Арық салған кезде тұрғындардың аулаларындағы қақпасының алдына нығыздап төсеген бірнеше тонна қиыршықтас қопарылып қалғанын да айтқан жөн. Халықтың еңбегі еш кетті. Тоқ етерін айтсақ, бізге талапқа сай емес, адамның өміріне қауіпті, зияны шаш етектен болатын арықтың қажеті жоқ. Сондықтан оның түбіндегі астауды алып, орнын қайтадан көміп тастауды талап етеміз. Сіздің газет редакциясынан осы мәселені шешуге көмек сұраймыз», – деді бірауыздан Тақсай  көшесінің  тұрғындары.

99c0b530-aa3b-43f1-922e-315a75975e64

Біз Деркөл кентінің әкімі Жұбан Жұмағалиевтен мәселенің мән-жайын сұраған едік. Кент басшысына «Арық жобаға сай салынуда ма? Көше тұрғындарымен кездестіңіз бе? Олар қандай уәж айтуда? Сіз тақсайлықтардың сөзімен келісесіз бе? Тұрғындардың мәселесі қалай шешілмек?» деген сауалдарды қойдық.

– Сарыарқа шағынауданындағы Тақсай көшесінде арық салуға Деркөл кенті-нің әкімдігі тапсырыс берді. Мердігер мекеме – «Сәулет құрылыс» ЖШС. Арық локалдық смета бойынша салынуда. Бұл жұмыс шілде айында басталды. Көше тұрғындарының ескертулері мен ұсыныстары бойынша кездесулер өткізілді. Арық  жүйесін тарту кезінде туындаған мәселелер шешілетін болады, – деп қана жауап берді әкім  Жұбан Тұрарұлы.

Шынында да, тереңдігі ересек адамның бойымен шамалас арықтың айналасы опы-
рылып жатыр. Арық суағар қызметінен бұрын, тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұр. Сондықтан құзырлы құрылымдар мен жауапты мамандар мәселеге мойын бұрып, оңтайлы шешім шы-
ғарады  деген  ойдамыз.

Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале