«Елбасының бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде студенттерді жатақханамен қамту жайы көтерілгені мәлім. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов соған байланысты Орал қаласындағы колледждердің оқу кешенін көрді.
Қаладағы Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінде 900-ден астам студент оқиды. БҚМК директорының міндетін атқаршуы Гүлмира Алмағамбетованың айтуынша, студенттерге алты мамандық бойынша 77 педагог білім береді. Педагог мамандар ел ішінде ғана емес, Англия, Испания, Финляндяға барып, біліктілігін арттыру курстарына қатысып тұрады. Қазіргі уақытта қазақ-фин қос білім жүйесі бойынша диплом алу үшін 21 оқытушы «Болашақ» оқу орталығынан ағылшын тілін үйренуде.
Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжі – халықаралық білім стандартына сай медбике ісінің қолданбалы бакалавры бойынша білім беретін алты колледждің бірі. Биыл колледжге түсуге Астана мен Алматы қалаларынан және Қызылорда, Атырау, Ақтөбе, Мағыстау облыстарынан келген талапкерлерден өтініш түскен. Бір орынға тоғыз талапкерден келеді.
Жыл сайын колледж түлектерінің 80 пайыздан астамы жұмысқа орналасады. Оның ішінде көбісі аудан-ауылдарға барады екен. Және медицина саласы бойынша ЖОО-ларда білім алуды жалғастырады.
Гүлмира Алмағамбетова білім ордасының ғимараты 1982 жылы салынғанын айтты. Ғимараттың шатыры әбден ескірген. Шатырын жөндеуге арналған құны 88 млн. теңге жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов күрделі жөндеуге келесі жылы міндетті түрде қаражат бөлінетінін айтып, сала басшысына тапсырма берді. Және студенттерді медициналық ұйымдарға жіберіп, дуальді оқытумен ұштастыруға терең көңіл бөлу қажеттігін айтты. Айта кетерлігі, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы ауқымында келесі жылы жоғары медициналық колледж жанынан 500 студентке арналған жатақхананың құрылысы жүргізіледі.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов кейін «Орал қалалық «Мақсат» колледжі» жеке ұйымына барды. Білім ордасында 760 студент білім алады. Студенттерге 45 педагог білім береді. Колледж басшысы Мақсот Берген оқу орны жанынан қосымша ғимараттар салмақ ойы бар екенін айтты.
Сол күні облыс әкімі Алтай Сейдірұлы Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж ғимаратын аралады. Колледж директоры Светлана Бахишеваның айтуынша, мұнда 1980 студент білім алады. Оларға 88 мұғалім сабақ береді. Колледж жанында 300-ден астам студентке арналған жатақхана бар. Жатақханада әлеуметтік жағдайы төмені студенттер тұрады. Студенттерге арналған wi-fi жүйесі қосылған және кинозал ашылған.
Облыс әкімі Алтай Көлгінов колледжде талапкерлер үшін онлайн құжат қабылдауды дамыту және студенттердің ағылшын тілін жоғары дәрежеде меңгертуге көңіл бөлу қажеттігін, бұл бағытта колледж басшылығына жұмысты күшейтуді тапсырды. Айта кетейік, колледждің ашылғанына 100 жылдан астам уақыт өткен.
Нұртай Текебаев
zhaikpress.kz