Батыс Қазақстан облысында 3831 адам ревакцинациядан өтті. БҚО денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткеніндей, сондай-ақ 3549 адам Pfizer компаниясының вакцинасын қабылдады.
Соның 2086-сы жасөспірімдер болса, 99-ы – жүкті, 1364-і –бала емізетін әйелдер.
Вакцинация басталғаннан бері облыс бойынша барлығы 251 992 адам (егілуге тиісті тұрғындардың 60,8 пайызы) бірінші компонентпен егілсе, соның 127 742-сі – Орал қаласында тұратындар.
Сондай-ақ 236 672 адам (57,1 пайыз) екінші компонентті де салдырды.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, соңғы аптада алдыңғымен салыстырғанда, коронавирус жұқтыру көрсеткіші 1,5 пайызға (18 науқасқа) төмендеді.
Пандемия басталғаннан бері өңірде 39 916, биыл 30 695 адамнан індет табылды.
Күні бүгін 286 адам амбулаторлық, 96 науқас стационарлық ем қабылдауда. Соның 14-і жансақтау бөлімшесінде, жағдайлары ауыр. Бұлардың төртеуі инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратына, 10-ы оттегі концентраторына қосылған.
Жыл басынан бері 674, соңғы аптада 3 адам коронавирустан көз жұмды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да 251 мың адамға вакцинаның бірінші компоненті салынғанын жазған болатынбыз.
Дереккөз: ҚазАқпарат