Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері «Ashyq» қосымшасы деректері бойынша үйлерінде оқшаулануы тиіс 729 адамның карантин талабын бұзғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, олардың 719-ы – «қызыл» мәртебесі бар, яғни коронавирус жұқтырған адамдар. Қалған оны – аурулармен қарым-қатынаста болғандар.
Оның айтуынша, деректерге сәйкес ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабы 1-бөлігіне сәйкес жеке тұлғаларға 54 хаттама толтырылып, 2 млн 481 мыңнан астам теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері 9047 адамның індет жұқтырғаны анықталса, соның 4774-і – ауру белгісі барлар, 4273-і – симптомы жоқтар. 1 ақпаннан бастап 1949 науқас тіркелді.
«Күні бүгін облыста 51 694 адам (37,1 пайыз) ревакцинациядан өтсе, соның 947-сі кеше егілді. Мамандар ревакцинация мәселелері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 1 ақпаннан бері мемлекеттік шекарадан анықтамасыз өткен 300 жолаушының бесеуінен, халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 220 жүргізушінің 13-інен індет табылды», деді М.Арыспаев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да инфекциялық стационарлар 39,4 пайызға толғанын жазған болатынбыз.