27.07.2023, 9:30
Оқылды: 8

Газет сынына іле-шала жауап келді

«Орал өңірі» газетінің күні кешегі, яки биылғы 25 шілдедегі №59 санында «Бізге талапқа сай емес арықтың қажеті жоқ!» деген мақала жарияланған еді. Мақаланы «Орал қаласының әкімі М. Сатқановтың назарына!» деп айдармен ұсынған болатынбыз. Бұл материал Деркөл кентінің Сарыарқа ықшамауданына қарасты Тақсай көшесі тұрғындарының шағымы негізінде жазылған болатын. Осы мақала газетке жарияланған күні Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен жауап келді.

IMG_9819

Онда: «Биыл көктемгі су басу кезінде Деркөл кентінің Сарыарқа шағынауданы бойынша жеке тұрғын үйлерді су басу қаупі жоғары болды.  Көптеген тұрғын үйдің ауласына су кіріп, көшелерді су шайды. Су басу қаупінің алдын алу мақсатында аталған шағынаудандағы Б. Майлин, Тақсай, А. Жұбанов және Ә. Қашаубаев көшелеріне жалпы ұзындығы 3,5 шақырым болатын арық жүйесін салу жұмыстары басталып кетті. Арықтарды салумен мердігер компаниялар – «Жұмалы» ЖШС және «Сәулет құрылыс» ЖШС-лар айналысуда. Қазіргі таңда Тақсай көшесінде арықтар салынуда. Ш. Жиенқұлова мен Р. Қошқарбаев көшелері аралығындағы жер бедері биіктеу болғандықтан, сонымен қатар арықтағы судың ағу деңгейін сақтау үшін жасалған жұмыстардың нәтижесінде арықты тереңдетуге тура келді. Бұған тұрғындар тарапынан наразылық туып отыр. Себебі олар үйлеріне тартылған ауыз су құбыры арықтың астынан өтетіндіктен, қыста су қатып қалады деп алаңдап отыр. Тұрғындармен өткен кездесуден соң нақты шешімдер қабылданып, арықтарды жер бетіне дейін көтеру жоспарлануда» деп жазылған. Шаһар басшылығының дер кезінде жауап бергені көңіл қуантады. Қабылданған шешімдер Тақсай көшесі тұрғындарының өкпе-ренішін сейілтіп, тиісті жұмыс атқарылады деген үміттеміз.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале