Бүгін қала әкімі Миржан Сатқанов 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай ел және өңір дамуына үлесін қосып, түрлі салада толымды еңбек етіп жүрген белсенді әйелдер қауымын салтанатты түрде қабылдады.
– Құрметті аналар, ардақты ханымдар! Баршаңызды көктеммен бірге келген 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әйелдер – сұлулықтың, нәзіктіктің символы. Шаңырақтың берекесін, жылулығын осылай жарқырай жүріп, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай отырып, бір жағынан үйді ойлап, бір жағынан қызметте, бізбен бірге халық алдында абыройлы еңбек етіп жүрсіздер. Сіздер туған қаламыздың жылдан-жылға гүлденуіне, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосудасыздар. Қаламыздағы білім саласында алты мыңнан астам, мәдениет, спорт саласында 700-ден астам, жалпы әртүрлі салада көптеген қыз-келіншектер қызмет атқаруда. Біздің осы күнге дейінгі жетістіктеріміз сіздердің адал еңбектеріңіздің арқасында деп білеміз. Бүгінгі отырысымыз сіздерге арналған. Біздің ең басты міндетіміз – өздеріңізді әркез сыйлып, құрметке бөлеп жүру. Сіздерге дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ағайын-туманың бүтіндігін, ойлаған арман-тілектеріңіздің орындалуын тілеймін, - деді қала әкімі өз құттықтауында.
Шаһар басшысы отбасы мен қоғамда ерекше орын алатын ананың маңызды рөлін ерекше атап өтті. Әйел затының адамзат тарихы мен әлем өркениетіндегі рөліне тоқталды.
Мерекелік құттықтауға арналған жарқын жүздесуге еңбек ардагерлері, зейнеткер, көпбалалы аналар, білім, денсаулық, мәдениет, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, спорт, әлеуметтік салаларда еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты.
Салтанатты шарада әйелдер қауымы өз ойларын ортаға салып, бір-бірін мерекемен құттықтап, әсем ән де шырқады. Көктемнің шуақты мейрамымен құттықтаған қала әкіміндігіне ризашылықтарын білдірді.
Гүлмира Сәрсенғали
Суреттерді түсірген: Азамат Ұзақов