Көшедегі қураған ағаштардың әлегі көп. Талай машинаның үстіне құлады, үйлердің, әлеуметтік нысандардың да үстіне құлап жатыр. Үп еткен жел тұрса болды Оралда кәрі теректер ұзынынан құлайды. Салдары белгілі зардап шеккен көлік, ғимарат деп кете береді.

Бүгінгі айтпағымыз Жәңгір хан көшесі бойындағы ағаштардың жәйі. Жол жиегін бойлай өскен ағаштардың электр сымдарына оралып тіпті кей жерлерде қатты еңкейтіп, басып тұрғанын көруге болады.
Бұл жолдың жиегіндегі ағаштарды кесуге Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі жауапты. Мекеме басшысы Қайрат Есенғалиевке телефон шалдық. Мекеме басшысы мәселені білетінін жеткізді.
- Мен ол жағдайды білемін. Ағаштарды кесуді бастап қойдық. Қазір техника болмай жұмыс тоқтап тұр. Ағаштар өте биік өсіп кеткен. Оны төменнен кессек адамның, көліктің үстіне құлау қаупі бар. Ол ағаштарды кесу үшін биікке көтерілетін кран қажет. Техника мәселесі шешілгесін ағаштарды кесуді жалғастырамыз, - деді Қайрат Ерланұлы.

Қаладағы сан ғасырлық тарихы бар ескі ағаштарды кесіп, күтім жасау Орал қалалық АЖ және ТҮКШ бөлімінің жұмысына кіреді.

- Қазір қаладағы қураған ағаштарды «Жайық таза қала» мекемесі кесіп жатыр. Бірінші орында адамдар көп жүретін жерлердегі қауіпті ағаштар кесіледі. Кейін әлеуметтік нысандардың айналасындағы ағаштар кесіліп, реттеледі. Біздің басты мақсатымыз - қаладағы ескі қураған ағаштардан адамдар зардап шекпеуі керек. Қазіргі уақытта Шаған өзені бойындағы ағаштарды кесу жұмысы жүріп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар тоқтаусыз жүре береді, - деді бөлім басшысы Ғаділ Құстаубаев.

Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz