7.09.2021, 20:11
Оқылды: 128

Қараөзенге су келе бастады

Апта басында облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиында оңтүстік аудандарды сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Жиынға су шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік құрылым басшылары, аудан әкімдері, Қазақстан фермерлер қауымдастығы, шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

IMG-20210907-WA0085
Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің мәлімдеуінше, 300 млн теңгеге облыстағы 12 елдімекенде құдық қазылып, 12 тоған қалыпқа келтірілген. Жаңақала ауданындағы су тапшылығы мәселесі бойынша жұмыс тобы құрылып, олар елді-мекендерді аралап шаруалармен кездескен.

IMG-20210907-WA0087

Биыл Үкіметтің қолдауымен ресейден су сатып алу үшін 1 млрд. 100 млн теңге қосымша қаражат бөлінген. Қазіргі күнде оңтүстік аудандағы өзендер, оның ішінде Қараөзен сумен толыға бастаған.
Жаңақала ауданының әкімі Н. Қарағойшиннің айтуынша, Жаңақала ауданының суландыру жүйесінің негізін Жайық өзені арқылы Көшім өзені мен Үлкен және Кіші өзендері құрайды. Оларға алынатын су көлемі Ресей Федерациясы аумағында орналасқан су қоймаларындағы су қорына тікелей байланысты.
– Күні бүгінге аудан аумағындағы каналдар мен лимандар жүйелері негізінен күрделі жөндеуді және механикалық тазартуды қажет етеді. «Қазсушар» кәсіпорнының облыстық филиалы соңғы жылдардағы аз су көлемін болжай отырып, тұрақты суды реттеу мәселесіне көңіл бөлмей отырғанын атап өту қажет. Соңғы жылдары мердігерлік жұмыстарға бар техникаларын пайдалануда. Кәсіпорынның тікелей міндеттеріне кіретін каналдарды механикалық тазалау, су реттегіш қақпаларды жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінбей, сумен қамту жұмыстарына кері әсерін туғызуда Өткен жылғы қазан айынан бастап облыстық бюджет есебінен сатып алынған арнайы техникалар күшімен ауданның коммуналдық меншігіндегі ұзындығы 26 км Балықты каналын механикалық тазарту жұмыстары басталды. Аталған каналды тазартудың басты мақсаты – соңғы үш жылда толықтай кеуіп қалған Мұқыр өзеніне су түсіру. Аудан бойынша мал қыстағына қажеттілік 209 мың тонна болса, көлтабандардан алынатын мал азығы осы қажеттіліктің 55-60 пайызды құрайды. 2019 жылдан бері аталған көлтабандарға су шығарылмай, нәтижесінде ауданда мал азығын дайындауда үлкен қиындықтар орын алды.

IMG-20210907-WA0088

Сондай-ақ, судың жетіспеушілігі салдарынан 3 елді мекен, 36 шаруа қожалықтары орналасқан Мұқыр өзені мүлдем кеуіп қалды. Судың тапшылығынан Көшім өзені бойында орналасқан 6 елді мекенді ауыз сумен қамту мәселесі де жыл сайын күрделеніп келеді. Осы аталған жағдайлар өз кезегінде аудан тұрғындарының ауыз суына және мал шаруашылығы саласына үлкен қиындығын көрсетіп отыр,- деп атап өтті Наурызбай Қарағойшин.

IMG-20210907-WA0081
Өзекті мәселе талқыланған жиында соңғы үш жылдан бері мал азығының алыс аудандардан тасымалданып, құнының қымбаттағаны да жұмыс тобының назарынан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ соңғы жылдардағы су көлемінің төмен болуы салдарынан көлдерге су түспей, аудан аумағында орналасқан 17 көлдің тек Айдын, Орысқопа көлдерінде су қалғандығы да айтылды. Әсіресе Соркөл, Еділсор, Жалтыркөл көлдерінде жағдай қиын. Аудан орталығы маңындағы Соркөл көлі табанынан көтерілетін тұз 9 мыңнан астам халықтың денсаулығына кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар Көпжасар ауылы жанында орналасқан Жалтыркөл көлінің кеуіп қалуына байланысты 400-ге жуық аула мал суына толықтай ауыз суын пайдаланып келеді. Бұл өз кезегінде жазғы уақыттарда Жаңақала және Көпжасар ауылдарына ауыз су қажеттілігін қамтамасыз етуде қиындықтар туғызуда.

Жаңақала ауданындағы су тапшылығын көзбен көріп, халықтың мұңын тыңдап қайтқан облыс әкімі аппаратының басшысы Берік Батаев мәселенің басым бөлігі «Қазсушар» кәсіпорны филиалы жұмысының жүйеге қойылмағандығынан орын алып отырғандығын қадап айтты.
– Жылдың басында келген су, қардың суы бәрі нақты есептеліп, жоспарлану керек. Биылғыдай ауа райының қолайсыз кезінде шабындыққа су шығару деген мәселе болмауы тиіс. Осы жәйттердің бәрі жүйелі жұмыс болмағандықтан орын алып отыр. Ауа-райының қолайсыз кезінде шабындыққа су шығару деген мәселе болмауы тиіс. Біз бірінші кезекте ауылдағы елді-мекендерді ауыз сумен қамтуды, арналарды тазарту жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Үлкен өзен мен кіші өзеннің жағдайы сын көтермейді. Сакрельдегі жағдай да «Қазсушар» кәсіпорыны филиалы берген ақпаратпен сәйкес келмейді. Ақшасы төленген, халыққа жетуі тиіс су қайда кетті? Ол жерде қанша техника жұмыс жасайды? Биылғы жағдайды шешкенмен, келесі жылы да бұл тақырып алдымыздан шығады. Сондықтан сақадай-сай болып, бұл мәселені тезірек шешкен жөн, - деді Берік Әділгерейұлы.
«Мұрагер» ШҚ басшысы, Біржан Айғалиев су тапшылығы мал баққан елге қиын тиіп жатқанын айтты. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, асыл тұқымды мал алып, даланы малға толтырған шаруаларға жыл сайын судан, мал азығынан тапшылық көру оңайға соқпай тұр.
– Мұқыр өзені 5-6 жылдан бері құрғап, кеуіп жатыр. Жыл өткен сайын мал азығы қымбаттап барады. Қосымша жем алу да қымбат. Мал баққан еңбегімізді ақтамайтын болды. Суды бірнеше шақырым жерден тасып отырған шаруа қожалықтары бар. Шаруалардың біразы мемлекеттік бағдарламалар аясында асылтұқымды мал сатып алды. Алайда қазір несие төлеу де қиын болып тұр. Су тапшылығы шешілмесе, малды сойып, сатудан басқа амалымыз қалмайды, – дейді шаруа.
Жиынды қортындылаған облыс әкімі «Қазсушар» кәсіпорыны филиалының директоры Нұрболат Жұмағалиевке шекаралас өзендер бойынша қанша куб метр су ағып келгенін және аудандарға қанша мөлшерде су жіберілгенін анықтайтын есептегіш құралдарды тез арада орнатуға тапсырма берді. Сондай-ақ сатып алынған техникалардың жергілікті су арналарын тазартуға жұмсау қажеттігін алға тартты. Алдағы уақытта осы мәселені ретке келтіруді «Қазсушар» кәсіпорыны филиалына қатаң тапсырған өңір басшысы көршілес Ресей мемлекетімен көктем мезгілін күтпей су жіберуге келісөздер жүргізілгенін атап өтті.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале