Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ғалымдары киіктерді қорғау және тәлімбақта өсіру бойынша ғылыми зерттеулер жүргізуде. Олар баспасөз жиынында осы бағыттағы тәжірибелерімен бөлісті.
2013-2019 жылдар аралығында оқу орнында ақбөкендерді өсіретін Қазақстандағы алғашқы тәлімбақ жұмыс істеген. Онда жас ақбөкендерді жасанды тамақтандырудың әртүрлі әдістерін сынаған. Тәлімбақта тіршілік етуге бейімделген киіктердің физиологиялық ерекшеліктерін зерттеген.
– Былтыр Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында «Asar» ШҚ-мен бірігіп, ақбөкендерді өсіретін жаңа тәлімбақ аштық. Жоспарланған 370 гектардың 200 гектары қоршалды. Ол жерде 200 киікті ұстауға рұқсат берілді. Алайда осынша жануарды даладан ұстауға физикалық тұрғыдан мүмкін болмады. Сондықтан туғанына бір-екі күн болған 69 (20 аталық, 49 аналық) құралайды тәлімбаққа әкелдік. Олар – Қарағанды облысына қарасты Нұра ауданының аумағындағы Бозжыра шоқысының маңын мекендейтін киіктердің төлдері. Биыл ҚР ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 1800-ден астам киікті ғылыми мақсатта аулауға рұқсат берді, – деді университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін.
Әлжан Смайылұлының айтуынша, ғалымдар ғылыми жұмыстар барысында, біріншіден, жануарларды қолға үйретуге бола ма, жоқ па, соны зерттейді. Яғни қолда өсетін киіктердің жабайы инстинкті жоғала ма, жоқ па? Екіншіден, Бетпақдала, Орал және Үстірт популяцияларындағы жануарларды бір-бірімен шағылыстырып, зерттеу жасайды. Бұл киіктердің иммунитетін көтеру үшін де маңызды дейді. Биыл Бетпақдала мен Орал популяцияларындағы ақбөкендерді шағылыстырған. Енді олардың төлдеуін күтіп отыр. Үшіншіден, ғалымдар STR және SNP әдісімен әр түрлі популяциялардағы ақбөкендердің молекулалық-генетикалық ерекшеліктерін зерттейді (генетикалық паспорттау). Үш популяцияның ерекшелігін, тұқым қуалайтын ауруларын, генетикалық мутацияның бар-жоғын анықтайды. Болашақта халықаралық деңгейде, яғни шетелдік ғалымдармен бірлесіп зерттеу жүргізбекші.
Әлжан Шәмшідін айтып өткендей, бүгінде Тасқала ауданына қарасты Атамекен елді мекенінде 50 шақты ақбөкенге арналған тәлімбақ бар. Биыл Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасының аумағындағы 50 гектар жерге 200 киік өсіретін тәлімбақ салынады. Оның құрылысы қар еріп, күн жылығасын басталады. Тәлімбақ «электр бақташымен» қоршалады. Бір айға толмаған төлдерге арналған қауіпсіз аймақ дайындалады. Ғалымдардың сөзіне сүйенсек, жайылымда жүрген бір киікке 20 гектар жер керек. Ал тәлімбақта, егер талапқа сай азықтандырса, 3-4 ақбөкенге бір гектар да жарайды. Әлжан Смайылұлының айтуынша, ақбөкендерді сақтаудың бірден бір жолы – тәлімбақтар салу. Тек осы жерде киіктерге түрлі аурулар жұқпайды.
Ресми дерек бойынша былтыр облыста киіктердің саны төлдегенге дейін 800 000 болған. Төлдегеннен кейін олар 1 500 000-ға жеткен болуы мүмкін. Себебі киіктер алғаш төлдегенде бір лақ, ересектері көбіне егізден, кейде үшем де туады. 2022 жылы әуеден есеп жүргізгенде Жайық популяциясында – 801 000, Үстірт популяциясында – 28 000 және Бетпақдала популяциясында 489 000 киік, жалпы 1 318 000 киік бары анықталған. Ақбөкендердің жалпы саны 2021 жылмен салыстырғанда 56%-ға өскен. Ал кеңестік кезеңде облыстағы киіктердің 400 мыңнан аспағаны жиі айтылып жүр.
Ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Қайсар Көшәлиевтің айтуынша, киіктерден эхинококкоз, мониезиоз, айналшық (ценуроз) аурулары кездесіп жатыр. Айта кететін жайт, бұрын ценуроз ауруы киіктердің арасында тіркелмеген.
Ғалым бұған ең алдымен ақбөкендердің есепсіз көбейгені, бір жерде тығыз жайылатыны себеп болып отыр дейді. Сондай-ақ жайылымдар бүлінген. Себебі ауыл шаруашылығы малының ауруынан жер де зардап шегеді. Киіктердің арасында мал да, адам да ауыратын бруцеллез ауруы пайда болған. Қайсар Жалитұлы айтып өткендей, күні бүгінге дейін киіктердің қанында қанша эритроцит болуы керек екені жөнінде ғылыми дерек жоқ. Батысқазақстандық ғалымдар гематологиялық көрсеткіштердің нормасын анықтау үшін зерттеу жүргізген. Жуырда «Ақбөкен ценурозының патоморфологиялық диагностикасының әдісі» бойынша патент алады. Университет ғалымдары болашақта Қазақстан мен шетел тәлімбақтарын, хайуанаттар бағын, қорықтарды қамтамасыз ету үшін ақбөкендер қорын құру бағытында жұмыс істейді. Сондай-ақ ақбөкеннің мүйізі мен жүнінің, терісінің қасиеттерін және дичеферма құру мүмкіндіктерін зерттемек.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress.kz