Батыс Қазақстан облысында соңғы тәулікте 228 науқас коронавирустан жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасынан мәлім еткеніндей, кеше сондай-ақ 126 адамнан коронавирус анықталды.
Күні бүгін 751 төсектік 14 инфекциялық стационарда 296 науқас емделіп жатыр, ауруханалар 39,4 пайызға толған.
Соның ішінде Орал қаласындағы 578 төсектік 8 стационарда 277 адам (47,9 пайыз) ем қабылдауда.
Жансақтау бөлімшелерінде жатқан 19 науқастың 15-і ауыр, төртеуі аса ауыр халде. Бұлардың төртеуі инвазивті жасанды тыныс алу аппаратына, 10-ы инвазивті емес осындай құрылғыға, бесеуі оттегі концентраторына қосылған.
Пандемия басталғаннан бері өңірде 49 010 адам коронавирус жұқтырса, соның 8 940-ы биылғы жылдың үлесіне тиеді.
Облыс бойынша COVID-19 диагностикасы бойынша 14 зертхана жұмыс істейді. Соңғы тәулікте 1 399 зерттеу жүргізілді.
Жыл басынан бері 25 науқас коронавирустан көз жұмды.
Басқармадан түскен мәліметке қарағанда, өңірде тұрғындарды вакцинациялау жұмысы жалғасуда.
Өңірде 268 683 адам (егілуге жататындардың 64,8 пайызы) вакцинаның бірінші, 252 426-сы (60,9 пайызы) екінші компонентін салдырды.
Сондай-ақ 50 611 адам ревакцинациядан өтті. 9 369 адам Pfizer вакцинасын салдырса, соның 4 859-ы – жасөспірімдер, 335-і – жүкті, 4 175-і – бала емізетін әйелдер.