12.04.2022, 10:45
Оқылды: 143

ҚР Премьер-министріне депутаттық сауал

ҚР Парламентінің бір топ депутаты таяуда Үкімет басшысына сауал жолдаған болатын. Халық қалаулыларының депутаттық сауалын толық нұсқада жариялап отырмыз.

51

Фото дереккөзі: egemen.kz

2019 жылғы 13 мамырда Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев БҚО жұртшылығымен кездесу барысында Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарының орталықтарын облыс орталығымен байланыстыратын жобаларды тез арада шешуді тапсырған болатын. Алайда аталған тапсырма бүгінге дейін шешімін таппады. Облыс тұрғындары осы мәселеге қатты алаңдаулы. Жолдың қазіргі жағдайы халықты әбден әбігерге салуда. Оған себеп те жоқ емес. Стратегиялық маңызы бар Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандары облыс орталығынан 500-600 шақырым шалғай, Ресей Федерациясымен көршілес жатыр.

Ау­дандардың халқы облыс орталығына қатынау үшін, әсіресе жауын-шашынды күндері 12-14 сағат жүруге мәжбүр болып келеді. «Жол азабын жүрген білер» деп бе­кер айтпаған шығар, жол азабынан БҚО халқы әбден мезі болды. Егемендік алғаннан бері айтылып келе жатқан осы мәселе әлі де шешімін табар емес. Облыс жолдарының жалпы ұзындығы 6176 шақырым, соның ішінде республикалық маңызы бар жолдың 69%-ы, облыстық маңызы бар жолдың 39%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Бүгінгі күні еліміз бойынша ең нашар жол Батыс Қазақстан облысында екені  Сізге жақсы белгілі.

2019 жылы «Казталов – Жәнібек – Ресей  Федерациясы» шекарасына дейін 145 шақырым және «Бисен – Өнеге – Сайқын» жолы 103 шақырым барлығы 248 шақырым жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмысын жүргізетін 4 мердігер кәсіпорын анықталған болатын. Жобалардың құны – 57 млрд теңге. Жобаларды іске асыру мерзімі қыс айларын қоспағанда 21 айдан  23 айға дейін белгіленді. Өкінішке орай, жоспарлағандай болмай шықты, үш жылда небәрі 248 шақырым жолдың 55 шақырымы ғана жасалды.

Бұлай жалғаса беретін болса, аталған жол учаскелерін бітіру үшін кемінде 4-5 жыл керек. Жолдың уақытында жасалмауына әр жылдар бойынша толық қаржыландырудың болмауы кері әсерін тигізді. Құрылыс материалдарының қымбаттауы, инертті материалдарды жеткізудегі қиындықтар, атап айтсақ, вагондардың өткір тапшылығы да  қолды байлады.

Бір ғана  мысал, облысқа жеткізілетін қиыршықтас (щебень) Ақтөбе облысынан теміржол арқылы әуелі Атырау одан әрі Ресей Федерациясының Астрахан қаласына барады. Содан  соң Батыс Қазақ­стан облысының Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарының орталықтарына 1316 ша­қырым жол жүріп жеткізілуде. Жол ұзақтығы өз алдына, Ресей Федерациясы арқылы тасымалдау теміржол шығындарының өсуіне алып келуде. Сонымен қатар жыл сайын құрылыс маусымы кезінде орын алатын жағдай – қиыршықтасты Ақтөбе облысынан жеткізетін вагондардың уақтылы берілмеуі ол үшін жетпей жатады.

Мысалы, 2021 жылы облысқа қажетті қиыршықтас көлемін тасымалдауға айына 600 вагон қажет болса, соның тек 12%-ы ғана беріліпті. Әрине, бұл өз кезегінде құрылыс жұмыстарының созылуына және сапасына кері әсерін тигізуде. Бұған қоса құрылыс материалдарына бағаның күрт өсуі мердігер компанияларды тығырыққа  тіреуде.

Биылғы жылы облыста республикалық және жергілікті маңызы бар 473 шақырым аутомобиль жолдарын салу жоспарда бар. Соған байланысты өңірге қажетті инертті материалдардың көлемі 500 мың тоннаны құрайтын қиыршықтасты жеткізу үшін айына 2000 вагон қажет болады. Сондықтан шұғыл шара қабылдамаса, биылғы жылы да өткен жылдағы жағдай қайталануы мүмкін.

Құрметті Әлихан Асханұлы!

Осынау баяндалғандардың негізінде Батыс Қазақстан облысының Кешенді даму жоспарына төмендегідей өзгерістерді енгізуді сұраймыз:

1. Аталған жоспарға Қазақстан теміржолы акционерлік қоғамы мен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне құрылыс материалдарын Ақтөбе облысынан жеткізу үшін вагондармен қамтамасыз етуді тапсыру. Егерде бұл мәселе шешімін таппайтын болса, көрші Ресей Федерациясынан өңірге қажетті инертті материалдарды тасымалдауға арнайы рұқсат беруіңізді сұраймыз.

2. Жуық арада нақтыланатын бюджет есебінен 2022 жылға «Казталов – Жәнібек – Ресей Федерациясы» шекарасы және «Бисен – Өнеге – Сайқын» жол учаскелеріне қосымша – 15  млрд теңге, «Барбастау – Ақжайық – Индер» жолына қосымша 1 972 млн теңге, «Чапаев – Жаңақала – Сайқын» жолына қосымша 1 500 млн теңге, «Бөрлі – Ақсай – Жымпиты» жол учаскесіне қосымша 1500 млн теңге, барлығы 19 млрд 972 млн теңге қаражаттың бөлінуіне ықпал етуіңізді сұраймыз.

Сізден заңда белгіленген мерзімде депутаттық сауалды қарау нәтижелері туралы жазбаша жауап беру сұралады.

Құрметпен Парламент депутаттары

Н.Төреғалиев,

Ғ.Дүйсембаев,

Н.Жүсіп,

Д.Нөкетаева,

Л.Рысбекова,

А.Амирханян,

М.Құлшар,

С.Имашева

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале