17.06.2024, 21:29
Оқылды: 159

Құйрық май

Қаңтардың сарышұнақ аязында жүзін қара маскамен жауып, тиын-тебенін шашып, «Алтын алма» базарының әр бұрышына бір аялдап, ет-майын, балығын, өрік-мейізін, жеміс-жидегін алып, Зұлқияның үйіне шаттанып келген беті еді. Кенет тамағы жыбырлап, жөтел қысып, жанары жасаурап, тұмаудан хабар келгендей сескенді. Көңіл-хошы лезде бұзылды.

InShot_20240617_215105065

Былтыр көктемде ел ішіне тасқын судай ойран салған, аяқтан шалған індеттен әйтүп-бүйтіп сытылып шығып, қысқа аман жеткеніне шү­кіршілік қылған еді. Мана даңғарадай базарды екі сағат шарлағанда тұла бойын еркін әрі сергек сезінген. Енді, міне, жаман ойларды миына жамап, пандемия деген пәлекет жағасына жармаса қалғандай үрейленді. Дөңгеленген қой көздері шарасынан шыға жаздап, дереу құйттай қызу өлшегішті қолтығына қыстырды. Қызыл сызық екі-үш минөттен соң отыз жетіден сәл асты. Енді қайтпек? Дереу үйреншікті әдетімен ақ түймедей парацетомол мен аспиринді өңешіне зып еткізді. Сосын «Қазір-ақ басылады, коронавирусты қашырады!» деген көңілмен тоңазытқышты ашты. Көл шетінде қатқан балықтай серейген құйрық майды қолына алды. Таразының басында асқабақтай болып теңселіп, бүлкілдеп, іркілдеп, ағарып, жылтырап жататын құйрық майдың қадірін бүгін білгендей тамсана қарады. Алтын бесік ауылын сағына еске алды. Шешесі қазанға шыжғырып, қызартып қуыратынын, шыжық иісін жақтырмай, мұрнын шүйіріп қашатынын, майы ерін үстіне ақ қыраудай жабысып қалатынын, бірақ мәнтіге қосса, дәмі тіл үйіретінін ойлағанда езуінен сілекейі шұбырды. Құйрық пен бауырды қазекем Құдай қосқан құдасына асатады. Отау тіккен екі жастың бағын тілеген қос тараптың сыйластық үшін құйрықты таңдауы тегін емес. Бұл майдың шипалы қасиетін, тіршілікке дәнекер екенін қазағым қалай білген?

«Бұл дәм тұмаудан тез құтқарады. Бойдағы бүкіл суықты сіңіріп алады. Арқаңнан ащы тер бұрқырайды. Мың да бір ауруға ем» деп мақтай жөнелетін анасы мен әжесінің құйрық майды тұздап, бетін мәрлімен жауып баптайтыны көз алдына келді. Ковид деген кесапаттың кесірінен жұрттың бәрі қыл үстінде тұрған өмірін, шыбын жанын, тағдырын осы асқа аманаттап жатқанын, сондықтан құйрық майды көбірек жеу керегін үй-ішіне ескертті. Астамшыл, қарыны тоқ елдің есіне ата-баба асын Алла Тағала әдейі салғандай көрді.

Зұлқия ой толқынымен германдық кәстрөлін суға толтырды. «Егер бұған ас пі­сірсең, вирусың жоғалып, шектерің тазарып, бүйректе­гі құм мен тас еріп, бөтекең бүлкілдеп, асқазаның еттартқыштай жұмыс істеп, бауырынды басқан май бір аптада жоқ болады. Бәрі вот болады!» деп дүкенші қыз баяғыда бас бармағын шошайтып, дизайны керім ыдысты әсірелей мақтаған. Қайдам?.. Әбігерге әбден салған пандемия пайда болғалы осы қымбат кәстрөл көгілдір оттың үстінен түспейді. Алайда тал шыбықтай бұралған түгі жоқ. Керісінше, онлайн жұмыс жасағалы бе­рі құйттай қонжыққа ұқсап барады. Енді құйрық майға араны ашылып, тәбеті шапса, шошқадай семіретін шығар. Сонымен қарны шұрылдай бастаған Зұлқия алдымен ауылда тұратын тетелес ба­уырына телефон соқты.

– Аллө, Зұлқашпысың? Аман­сың ба? Барсың ба? Орал бойы тыныш па? Теледидарды ашып қалсаң, пәлен адам ко­видтен көз жұмды дейді зәрені алып!

Рас па? – деп Балқия сұрағын оқтай жаудырды.

– Иә, айтарға жоқ! Жүректен жүрек қалмады! Жанымызды шүберекке түйіп отырмыз омалып, үйге қамалып! Қайта шет жақтағы базарды ашып көрім болды. Таза ауа жұтып, барып қайттым. Сендерде уақыт тез өтетін шығар үй мен қораның арасында кіріп-шығып жүргенде. Ал бізде құлақ кескендей. Кинотеатр, бәрі жабық. Паровоз жүріп өткендей іші көк түтінге толы ка­фелер де құлыптаулы.

– Бізде де сол жағдай. Індет өршіп тұр! Қауіп төніп тұр! Кешеден бері аузымның дәмі құрып, дел-сал болып отырмын. Ковид болмасам жарар едім, – деп Балқия жағдайын жайып салды.

– Екеуміз бірдей болдық қой. Менің де тәбетім жоқ. Баяғыда апамның құйрық майын жемеуші ек тоқшылықта тайраңдап өскендіктен, танауымыз таңқиып! Қазір сол шақтарға зар болып отырмын. «Олжадай» болған майды табаға шыжғырмай, өзін ғана қызартып пісіргім келген. Бірақ та... – деп Зұлқия соңғы сөзін жұтып қойды.

– Ойбай-ау, неменеге күміл­жисің? Әуелі бес-алты пияздың қабығын ашып аласың. Жақсылап жуасың. Сосын құйрықты қабықпен бірге қайнатасың. Сәлден соң түсі қоп-қоңыр болып, былпылдап шыға келеді.

– Туф! Қандай күшті!

– Әрі қарай тыңда. Піскен соң қара мен қызыл бұрышты сарымсақпен араластырып жағып, ет тұздағандай салқын жерге қоясың. Суығасын шетінен кертіп жей бересің.

– Тәбетімді аштың ғой әбден, Балқия!

– Керісінше, сен мені қызықтырып жібердің. Құйрық май жегім келіп кетті.

– Ауылда не көп, май көп шығар.

– Қайдам?.. Осы індет келгелі қойдың бәрін шетінен сойып тауыстық. «Тас-тасты жібітетін ас» деп қойып, меш-кей атандық. Ертелі-кеш тамақ ішпей не істейсің? Тіпті қорада қарайтын қотыр тауық та қалмады.

– Оларды да құрттыңдар ма?

– Әрине. Итке берді деймі­сің? Бөрібас жүдеп кетті ковид келгелі. Өйткені ет те, сорпа да, шұжық та, кәшә мен күріш те оған ауыспайды. Тажалдан сақтанамыз деп қомағай болдық. Қойдың басын мүжіп, көзін ойып жеп, миын сорпаға салып ішіп, тәрбиені тайлаққа жықтық. Ағайын-туыс, көрші-көлемді ұмыттық. Біздегі бар жаңалық – ас ішіп, аяқ босату. Жарық өшсе, интернет те жоқ. У надан болып қалмасақ жарар едік. Бар, енді құйрығыңды пісір. Қарның ашып қалар. Тағы да хабарласармыз, – деді Балқия әлденеге алаңдап.

– Иә, иә. Өзі де. «Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді» деген. Әзірге сау бол! – деп Зұлқия сөткесін қоя салып, кәстрөліне жармасты. Содан апасының рецептісімен іске кірісті. Иісі мұрын жарған құйрық майы да бабымен тез пісті. Сосын бата қылғандай алақанын жайып: «А, Құдай! Аузыма сал, Құдай! Тажал-дың емін таптым! Ажалдан қаштым! Ем болсын, ковид келмесін!» деді де, манадан аңсары ауған майға бас салды. Салғанда мол салды. Тәбеті аш қасқырдай ашылған ол құйрық майды бүкіл тамақтың төресіндей көрді. «Иммуни-теттің бәрі осында екен ғой. Енді маған бұдан артық ештеңенің қажеті жоқ. Сүр еттің де алдын он орайды. Ой, ке-реметін-ай! Аузымда балдай еріп кетті! Әй, бәсе, атам мен әжем осы ақ майды күсіп жейтін. Қариялар ұзақ жаса-удың құпиясын қалай білген? Семірсем, семірейін. Бойыма сіңіп, дәрумен болып дарыса, несі бар?.. Ауырмасам болғаны. Пісуі де тез. Асқазанға сіңуі де тез» деп мәз болды. Жеңсік асын нансыз, дымсыз асап жей берді. Дірілде-уік (холодец) сияқты былқылдаған дәм өңешіне барып былқ етті. Жүрегі лоқ етті. Бірақ та қайғырмады. Сорпаға піскен кәртөптей ішіне қарай ытқи берді, ытқи берді. Қарны шәртиіп шыға келді. Буынына түсіп кетті ме, диванға сұлқ құлады. Аздап көз шырымын алған соң ковидке қарсы ем-дом тапқанын достарына айтып, мақтанды. Білетіні құптап, білмейтіні таңғалды. Ертесіне жеңсік асын іздеп базарға аттанды.

– Апа, бұл мен ғой. Таны­дыңыз ба?

– Зұлқиямысың? Апыр­май?! Жұртты шетінен жалмап жатқан ковидтен аманбысың? Бір жыл бойы бір-бі­рімізді көруден қалдық қой, – деп базарда көптен сауда істейтін Қалуаш қалың қара қастарын керіп, өңі жадырап сала берді.

– Ой, апа! Зәре-құт қалма­ды. Осы дерттен сақтану үшін, ауырып қалмау үшін не істемедік? Не жемедік? Енді құйрық майға көштік. Болса, молырақ алып қояйын деп...

– Дұрыс-ақ! Мұның пайда­сын енді біліп жатырмыз. Тіпті орекеңдерге дейін «Куйрук май есть?» деп сұрайды. Мана бес келісін бір орыс алып кетті.

– Мәссаған! Олар сало жемеуші ме еді?!

– Жаны қысылған адам бәрін де жейді екен, шырағым! Мана бір танысым збондап, соған тығып қойғанмын, – деп апайы сөренің астына басын сұғып, алақанға сусып тұрмаған дәу майды алып шықты. – Мінекей! Анау-мынау емес, семіз сектікі! Свежый! Бүгін сойылған! Қойдікі де бар. Бірақ ол құйттақандай. Алсаң, осыны ал. Қақын түсіріп беремін.

– Қанша тұрады?

– Келісі 5 мың теңге.

– 5 мың теңге?! Қатты қымбаттап кеткен екен. Бұрын 500 теңге, әрі кетсе, 800 теңге тұрушы еді ғой?..

– Қазір бұларың нағыз дефицит! Деликатес! Өзге ұлттарға «куйрук май» дегізген соң қайтерсің?! Жұрттың бәрі осыған зәру. Таң атса, іздеп келеді. Бір жамандықтың бір жақсылығы бар деген осы, айнам! Ковидтің арқасында құйрығымыздың да әптәритеті көтерілді. Хе, хе, хе, хе, хе... «Ауру азығымен» дегендей, сосын да құны аспанға секіріп тұр! Әйтпесе, бізді жын ұрып па? Өзіміз осы карантиннің кесірінен базарға бірде шығамыз, бірде шықпаймыз. Саудамыз жүруден қалды. Тақыршаққа отырдық.

Несиеміз төленбей тұр. Бұл ауру да қанымызды таскенедей сорып, басымызға пәле болды. Зұлқияш, қане, алсаң, ал. Алмасаң, танысыма збәндайын. Қазір базар да жабылады, – деді Қалуаш.

– Ойбай, ешкімге қоңырау шалмаңыз. Өзім аламын! Осы үшін келдім ту жақтан! Тұмаудан бір өзі құтқарады! Оған көзім жетті, – деп Зұлқия сөредегі майдың бәрін қымбат қаққа сатып әкетті.

– Өй, айналайын! Өзің мәрт екенсің! Қара басыңнан аяйтын не бар? Бұл дүниеде не тәтті, жан тәтті! Тағы да кел. Керемет ғып тұздап, сүрлеп қоямын, – деп сатушы апасы теңгесін санай түсті.

* * *

Зұлқия құйрық майға әбден бауыр басты. Таусылып қалса, базарға жүгірді. Арада тура үш ай уақыт өтті. Мырқы-рап-сырқырауды ұмытты. Індет жұқпады. Пандемия жоламады. Сонда да шақырған жерге, той-топырға тығылып бармады. Мейрамхананың сырт жағынан кіріп, терезеден қашпады. Тыныш, жайбарақат тірлік кешіп жатты. Тек күндердің бір күнінде іші мотордай гүрілдеп, ырылдап, кіндігінің тұсы түйіліп, бүріп, аузына ащы запыран келіп, көкке көтерілген көңілінің тас-талқаны шықты. Амалсыздан гастроэнтеролог дәрігерге жазылып, дереу қан тап-сырды.

– Ұйқы безіңді май басқан. Холестерин тым көп, – деді дәрігер. Не жеп едің?

– Құйрық май!

– Құйрық май?! Соншама неге көп жедің? Арасында ет жеп, сорпа ішіп...

– Аузым астан босаған жоқ. Бірақ та негізгі қорегім осы болды. Себебі, ковидтен қорықтым! Індеттің алдын алудың амалын ойлаған түрім.

– Түрің бар болсын дегендей басын шайқады дәрігер.

– Есіңізде болсын, қай нәрсенің де сұрауы болады. Мөлшерден тыс жеген майың ағзаға зиянын тигізіпті. Енді ауруханаға жатып, дұрыстап емделу керек. Әйтпесе, ушығып кетеді.

– Қап! Бекерге жеген екенмін. Бұлай боларын білгенде! Пандемиядан аман қалдым десем. Қайдағы жоқ ауруды жапсырып алуым-ай! – деп налыды Зұлқия.

– Қазақ десек, өзімізге тие­ді. Сіз секілді жұрттың көбі өт жолдарын тексертіп, енді емделіп әлек. Майды жеп-жеп, асқазанын құртқан! «Артық қылам деп, тыртық қылған» деп дәрігері үйіп-төгіп дәрі-дәрмекті жазып берді.

– Өзіме де керегі сол! «Жан ауырса, тән азадының» кебін киіп! – деп ашуға булыққан Зұлқия қала шетіндегі бәлнеске асыға жетті. Кең ғимараттың ұзын дәлізінен кездесе қалған өңкей таныстары:

– Зұлқиямысың? Зұлқошпысың? Сен мұнда қайдан жүрсің? – десіп жан-жағынан қаумалады.

– Иә, мен ғой, мен. Құйрық май құрғырды көп жеп қойып! Бауырымды быт-шыт қылып!

– Қап! Ойбай-ай! Мына біз де сол! Ас қорытатын түтік­тің бәрін бітеп тастаппыз. Шаш ал десе, бас алып! Бәріне өзіміз кінәліміз. Қазақтың қарын тойдырар, құда-құдағимен төс қағыстырар сыйлы тамағы ғой. Дегенмен, де-немізге батпаңдап кіргенін байқамай қалыппыз, – десті олар да әбіржіп.

– Құдайым-ау, сіңбес астың бөгеуі көп болады екен. Осының бәрі «аждаһаның» кесірі, аждаһаның! Өмірімде жемеген құйрық майды жегізіп! Бүйткен, майы бар болсын! – деп кейістік білдірген Зұлқия сол жылы асқазанын ұ...з...ақ емдетті.

Мира Шүйіншәлиева,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале