25.06.2024, 23:00
Оқылды: 76

Мұхиттың мұрагерлері Жаңақала төрінде

Бүгін "Мұхиттың мұрагерлері" жобасы аясында аққуға үн қосқан асқақ әнші, дала тәлімін алған дарабоз Ғарифолла Құрманғалиевтің 115 жылдығына арналған батыс дәстүрлі ән мектебінің өкілдері Жаңақала ауданына ат басын тіреді.

image-25-06-24-09-30

Ең әуелі аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар бастаған мекеме басшылары мен "Ақ босаға" келіндер ансамблі ақтан ауыз тигізіп, ұлттық аспабымыз – домбырамен күмбірлете ән шырқап қарсы алды.

image-25-06-24-09-30-2

Әрі қарай, аудан орталығында орналасқан "Алыптар алаңына" бет бұрып, күй саңлақтарына гүл шоқтарын қойды. Аудан өнерпаздары атынан “Күй шашу” орындалып, мәдениет үйінің төрінен орын алды. Өнер сапарымен жол жүріп келген қонақтар кітап көрмесімен танысып, “Айзере” әжелер ансамблі мен “Ұлағат” ардагерлер клубының мүшелерімен танысып, Қали Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің өнерпаздарының орындауындағы әсем күйге құлақ түрді. Одан соң аталмыш ғимараттың екінші қабатында дайындалған дастарханға шақырылды. Концерттік бағдарлама барысында, барлық халық әндері жанды дауыста шырқалып, көрермен сүйсіне тыңдағанын да айтпасқа болсайды.

image-25-06-24-09-30-1

- Темірхан Медетбек деген ақынның айтуынша, біздің қазақ даласында ешқандай анықтауышты қажет етпейтін, қазақ халқының рухына айналған дүниелер болады. Мәселен, Алатау, Қаратау, Қайран нарын десе, қазақ елестейді көзіңе. Сол сияқты Жаңақала елі де анықтауышты қажет етпейді. Алланың қалауы түскен жерге адамнын аяғы түседі дегендей, бұл біздің сазды іс-сапарымыздың соңғы аялдамасы,- дейді кеш жүргізушісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Дәулеткерей Құсайынов.

Дәулескер күйшінің сөз саптауы мен әр орындаушыға айырықша мән беруі сахна төріне ерекше леп беріп тұрды.

image-25-06-24-09-30-3

Дәстүрлі ән керуенінде “Атамекен” этно-фольклорлық ансамблі мен аталмыш дүлдүлдер Батыс өңірінің бетке ұстар әнші термешілерінің әндерін, сондай-ақ халық әндері мен дәстүрлі әндерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, ұмыт қылдырмауға ниет еткендей көрінді. Лық тола отырған көрермендер мен тыңдармандар қауымы да қолдау білдіріп, гүл шоқтарын ұсынып, қошеметтерін барынша аямады. Кеш соңында “Атамекен” өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолла сөз алып, барша жаңақалалықтарға ризашылығын білдірді. Өнерпаздар ұжымына аудан әкімі атынан алғыс хат табыс етіліп, ықылас гүлі ұсынылды. Сөз алған аудан әкімінің орынбасары Руслан Ғұмар біртуар алыптарға шығармашылық табыс тіледі. Көтеріңкі көңіл-күйде тарқасқан көрермен жүзі сазды кештің жоғары дәрежеде өткенінің дәлелі десек дұрыс шығар.

Ақерке Ғилымхан,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале