10.10.2023, 10:00
Оқылды: 84

Миржан Сатқанов: «Кейбір мамандық иелерінің тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндігі бар»

– Миржан Мұнайдарұлы, биыл Орал қаласының көшелерін жөндеу әдеттегіден әлдеқайда ерте басталды. Бұл қандай факторлардың әсерінен мүмкін болды?

кала акими

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов

– Биыл Орал қаласының орталығындағы негізгі және жол қозғалысы қарқынды көшелердің жолдарын орташа жөндеу жүргіздік. Мердігерлерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер ақпан айында өткізілді. Нәтижесінде наурыз айының аяғында мердігерлерді анықтап, жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Бұған қоса биыл көктемнің ерте келіп, ауа райының жол жөндеу жұмыстарын ерте бастауға қолайлы болғанын атап өткен жөн. Орташа жөндеу жұмыстары кезінде тек жол жабынының беткі, бірінші қабаты ғана жаңартылады. Сол себепті бұл жұмыстар көп уақытты талап етпейді. Биыл облыс орталығында  10 көшенің жолы орташа жөнделді. Жалпы Орал қаласы бойынша автокөлік жолдарының ұзындығы 615 шақырымды құрайды, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың ұзындығы – 468,3 шақырым. Биыл жалпы ұзындығы 74,64 шақырымды құрайтын 70 көшенің жолын жөндеуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 2023 жылы 46 көшенің жолына ағымдағы жөндеу жүргізілді. Биыл тағы бір ірі жоба жүзеге асты, яғни Жайық өзені арқылы өтетін М-32 сол жақ жайылмасына қатысты көпір жөнделді.

кала акими (1)

– Жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай уақтылы жүргізілді ме? Мердігер мекеме-кәсіпорындардың қайсысына ризасыз, қайсысына ренжулісіз?

– Жол жөндеу жұмыстарына мердігерді анықтау мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы жүзеге асады. Мемлекеттік сатып алу конкурсының қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзіндік талаптары бар. Барлық талапқа сәйкес келетін қатысушыны мемлекеттік сатып алу порталы автоматты түрде өзі таңдайды. Қазіргі таңда қала көшелеріндегі жолдарды жөндеу бойынша бірқатар мердігер мекемемен жұмыс жасаудамыз. Атап айтсам, «УральскВодСтрой» ЖШС, «ДСК Приоритет» ЖШС, «Айдана» ЖШС, «Тоби» ЖШС, «Ануш Құрылыс» ЖШС, «Адал Арна» ЖШС, «Жайық Сити» ЖШС секілді компаниялар.

кала акими (1)

Әрине, мердігер мекемелерге міндеттелген жұмыс үнемі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының, техникалық және авторлық бақылау мекеме қызметте-рінің және жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандарының қатаң бақылауында. Жөнделген жолдардың кепілдік мерзімдері бар. Мәселен, орташа жөндеу – 3 жыл, күрделі жөндеу және жолды қайтадан жасақтау – 5 жыл. Белгіленген уақыт ішінде жөнделген жолдарда ақау болса, мердігер мекемеден оны қайтадан қалпына келтіруді талап етеміз.

– Қылышын сүйретіп қыс келеді әрі биылғы қыс Қоянның қысы... Орал шаһарының коммуналдық қызмет көрсететін нысандары «кәрі құданы» қарсы алуға дайын ба?

– Өте өзекті сұрақ. Қазіргі таңда Орал қаласы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық қарқынды жүргізілуде. Әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді дайындау, сондай-ақ коммуналдық желілер мен жабдықтарды жөндеу жұмысы аяқтала келді.

Жылумен жабдықтау жобаларын жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы шамасы 6,8 млрд теңге бөлініп, төрт жобаны жүзеге асыру көзделген болатын. Оның ішінде бір жоба, яғни жаңа градирня пайдалануға берілді. Үш жобаны (турбоагрегат, 3,15 кВ тарату құрылғыларын қайта жаңарту, Ғалымдар ауылында жаңа қазандық салу) биыл жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ғалымдар ауылындағы жаңа жылыту қазандығы алты ай қыста 9 көпқабатты үй, 6 өндірістік мекеме және 1 балабақшаны үздіксіз жылумен қамтамасыз ететін болады. Сонымен қатар Орал–Атырау, Орал–Саратов тас жолы арасындағы №3 жылыту қазандығына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту құбырлары ауыстырылуда. Бұл жылыту қазандығы Зашаған кентіндегі 18 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтиды. Жұмыстар жылыту маусымы басталғанға дейін толықтай аяқталуы тиіс. Бұған қоса Орал қаласының жылу электр орталығының өз қаражаты есебінен 4 негізгі жабдыққа (№9 қазандық, №2, 4 қазандық агрегаттары, №3 турбоагрегат) және 5,8 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

– Миржан Мұнайдарұлы, облыс орталығында қандай салаларға қанша маман жетіспейді? Аудан-ауылдарға барған мамандарға әртүрлі материалдық-қаржылай қолдау тетіктері қарастырылған. Ал Орал қаласы әкімдігінің ондай әлеуметтік қоржыны бар ма?

Биыл мансап орталығына 11 465 адам еңбек делдалдығына жүгінді, оның ішінде
4 735 адам жұмыссыз ретінде тіркелді. 4 354 адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды, оның ішінде 1 699 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 1855 адам «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша курстан өтіп, жастар практикасына 313, қоғамдық жұмыстарға 400, әлеуметтік жұмыс орындарына 39 адам жіберілді, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 23, «Күміс жас» жобасы арқылы 25 адам жұмыспен қамтылды.

Ең көп сұранысқа ие мамандықтар тізімінде медициналық мамандықтар –
дәрігерлер, медбикелер, фармацевтер көш бастап тұр. Сондай-ақ жұмыс ұсынушылар инженерлерді, технологтарды, слесарьларды, токарьларды іздейді. Көлік мекемелеріне механиктер, жүргізушілер қажет. Қалалық жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорындарға автобос жүргізушілері же-тіспейді. Олардың жалақысы – 350 000 теңге шамасында. Сол сияқты қаланың тазалығына жауапты коммуналдық кәсіпорындарда жұмысшылардың қолға алатын жалақысы – 170 000 теңге, көлік жүргізушілерінің жалақысы – 250-300 мың теңге. Алайда, өкінішке орай, бұл орындарда жұмыс жасауға ниетті адамдардың қарасы аз.

Қалада ауылдық жерлердегі сияқты жас мамандарға біржолғы материалдық көмек қарастырылмаған. Бірақ кейбір мамандық иелерінің тұрғын үй сертификатын алуға мүмкіндіктері бар. Олардың қатарына денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, ветеринария, агроөнеркәсіп кешені және құқық қорғау салалары бойынша сұранысқа ие мамандықтар жатады. Осы атап өткен мамандарға мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін 1,5 миллион теңгеге дейін сертификат алуға болады.

– Сіздің айналаңыздан біз жас мемлекеттік қызметшілерді көп байқадық. Мамандарды қандай талап тұрғысынан іріктейсіз? Жалпы, жастардың мемқызметке ынта-ықыласы артты ма? Егер артқан болса, бұған қандай жағдайлар әсер етті деп ойлайсыз?

– «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деп бекер айтпаса керек. Білімді, еңбекқор, Отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуы мен өркендеуінің басты қозғаушы күші. Биік мақсатқа ұмтылған, еңбекқор, жаңашыл жас буын - қашанда елдің арқа сүйер тірегі. Жастарға тән жалын-жігер мен білімді ел мүддесіне қызмет етуге бағыттасақ деген ниетте жастарды мемлекеттік қызметке тартудамыз. Орал қаласының аумағында 1 қала әкімі аппараты, 12 бөлім, 3 кенттік және 1 селолық округ жұмыс істейді. Орал қаласының жергілікті атқарушы құрылымдарының (органдарының) штат саны 192 бірлікті құрайды, аппарат бойынша – 33, бөлімдер бойынша – 118 бірлік, кенттік (селолық) округ бойынша – 41 бірлік. Қазіргі таңда 23 жастан бастап 39 жасқа дейінгі аралықта 121 мемлекеттік қызметші қызмет атқарады.

Жалпы жастардың мемлекеттік қызметке ынта-ықыласы артты. Басты себебі – 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік қызметшілер факторлы-балдық шкала бойынша жалақы ала бастады. Еңбекақы қызметкер жұмысының көлемі мен қиындығына байланысты төленуде. Оған қоса жыл қорытындысы бойынша олардың қызметін бағалау нәтижелеріне сәйкес бонустар төленеді.

Мамандар негізінен үлкен жауапкершілікті сезіне білетін, бәсекеге қабілетті, кең ауқымда ойлай алатын, жан-жақты дамыған, кәсіби біліктілігі мол, өз ісіне адал, шешім қабылдауға қабілетті болу сияқты қасиеттерге сай іріктеледі.

– Еліміздің қалалық елді мекендерінде енді автокөлік ағыны күн санап көбейе түспесе, азаймасы анық. Соның бір айғағы, биыл қарбалас сағаттарда Зашаған кентінен қаланың орталығына қарай және кері бағытта автокептеліс күн сайын тұрақты түрде орын алуда. Сол төңіректен жаңа көпір салу мәселесі шешіле ме?

– Бұл – Зашаған кентінің тұрғындары үшін өте өзекті мәселе. Өздеріңізге мәлім, аталған кент аумағынан жаңа Ақжайық шағынауданының құрылысы жүргізілуде. Шағынауданда, яғни Зашаған және Деркөл кенттері аралығына 150 көпқабатты тұрғын үй, 8 мектеп, 3 емхана, 9 балабақша, 78 спорттық нысан мен балалар алаңдарын салу жоспарлануда. Осыған орай көпірге қоса салынатын автожол құрылысы қаланың дамуына оң серпін береді және қаланың қолданыстағы жолдарында көлік жүктемесін азайтады. Жол мен көпір құрылысы Балауса, Болашақ және жаңа Ақжайық шағын-аудан тұрғындарына қала орталығына тікелей қатынауға мүмкіндік береді. Міне, осы жағдайларды ескеріп, қазіргі таңда қала әкімдігі және құзырлы мекемелер жол және көпір құрылысы үшін орман шаруашылығына қарасты аумақтан көлемі 122 гектар жерді жергілікті атқарушы құрылымның меншігіне ауыстыру үшін жұмыс жүргізуде. Халықтың ой-пікірін білу үшін қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырудамыз. Қаламыздың батыс бөлігін орталық аудандармен байланыстыру үшін жаңа көпір құрылысының маңызы зор.

– Қаланың кейбір аумақтарында электр желілерінің әбден тозығы жеткендіктен, электр жарығы жиі өшіп қалады...

– Орал қаласы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы – 2 400 шақырым. Қалалық электр стансасының тозуы 74 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар электр таратушы мекеменің өз қаражаты есебінен электр желілерін жаңалап-жаңғырту және қосалқы стансалар мен кешенді-трансформаторлық қосалқы стансаларды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Орал қаласына қатысты тозығы жеткен электр желілері мен жабдықтарды жаңалау шаралары ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген «Батыс Қазақстан облысын кешенді дамыту жоспарына» енгізілді. Бұл мақсатқа алдағы 3 жылда 7,5 миллиард теңге қаражат бөлу көзделген. Нәтижесінде қалалық электр стансасының тозу көрсеткішін 74 пайыздан 60 пайызға дейін төмендету көзделуде.

– Н. Назарбаев даңғылының Е. Пугачев және Сарайшық көшелерімен қиылысының аралығы ешқандай автокөлік жүрмейтін әдемі арбатқа айналады-мыс дегенді естіп едік?...

– Орал қаласының ескі, орталық аудандарының сәулеті шаһардың басты ерекшеліктерінің бірі болып табылады. Қаламызда 8 республикалық маңызы бар, 108 жергілікті маңызы бар тарих және сәулет ескерткіші бар. Олардың көбі Назарбаев даңғылының бойында орналасқан. Аталмыш даңғылды жаңартып-жаңғырту бойынша дизайн-кодтың негізде жобалық-сметалық құжаттама жасақталды. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілерін салу және реконструкциялау қарастырылған. Сондай-ақ даңғылдың бойына жаяу жүруге және велосипедке арналған жол салынады. Назарбаев даңғылының жаңа кейпін қалыптастыру туристерді тартуға және қаламыздың тарихи нысандарының сақталуына ықпал етеді деп ойлаймын. Сіз тілге тиек етіп отырған жобаны жүзеге асыру алдағы жылдардың еншісінде.

– Миржан Мұнайдарұлы, «Орал өңірі» газетінің «Назар аударыңыз!» арнайы бетінде оралдықтар мен қала қонақтарының өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қураған ағаштар, жол үстіндегі ойықтар, бағдаршам орнатылмаған көше қиылыстары сықылды біраз қадау-қадау мәселе көтерілді. Мерзімді баспасөз өнімдерін, яғни газет-журналдарды тұрақты оқисыз ба? Әдеби кітап оқуға уақыт табасыз ба?

– Апта сайын республикалық және жергілікті мерзімді басылымдарды оқып тұрамын. Мұның ішінде, әрине, облыстық «Орал өңірі» газетінің әр санын үзбей оқуға тырысамын. Газеттің кейбір нөмірлерінде «Орал қаласы әкімінің назарына!» айдарымен біраз көкейкесті мәселе көтерілді. Бұл материалдар біздің жұмысымызға көмектеседі. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қаладағы кейбір қордаланған мәселелерді өзге қырынан көреді. Олардың жазған материалдары арқылы түйткілдерді «түртіп алып», оның шешу жолдарын қарастырамыз. Мәселен, жоғарыда аталған айдармен Жанқожа батыр – Белая казарма көшелерінің қиылыстарына және Орал–Саратов тас жолының бойында орналасқан «Алтындар» гипермаркетіне өтетін жолға бағдаршам қажет екенін жаздыңыздар. Осы материалдарды газет бетінен оқыған соң, құзырлы бөлімдерге тапсырма беріп, жаңағы қос қиылысқа бағдаршам орнатылды. Сол сияқты «Орал өңіріндегі» материалдар арқылы адамның денсаулығына қауіп төндіретін қураған ағаштарды кесу туралы коммуналдық мекемелерге тапсырма беріп тұрамын. Ал енді жүйелі түрде әдеби кітап оқуға уақыт жағынан мүмкіндік бола бермейді. Десе де, бос уақытым пайда болса, кітап оқуға арнауға тырысамын. Қазақ ақын-жазушыларының туындыларымен қатар, әлем классиктерінің шығармаларын да оқығанды ұнатамын. Ақ Жайық өңірі де талантты ақын-жазушыларға кенде емес. Үйдегі кітап сөремде жерлестеріміздің кітаптары баршылық.

 

Сұхбаттасқан Бауыржан Файзолла,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале