11.01.2023, 17:56
Оқылды: 25

«Москвичи» бекетіндегі жанармай сапасына қатысты дау шықты

Жәнібек ауданында бензин сапасына қатысты дау шықты. Аудан орталығындағы көлік жүргізушілері «Москвичи» ЖШС-на қарасты жанармай бекетінен құйған «АИ-92», «АИ-95» бензині салдарынан машиналары бұзылып жатқанын хабарлады.

IMG-20230111-WA0106

– Жергілікті көлік жүргізушілері қиындыққа тап болды. «Москвичи» жанармай стансасына барып, көлік багіне бензин толтырғандар темір тұлпарынан түрлі ақау табылып жатқанын айтты. «Москвичи» ЖШС-ның басшылығы қолында түбіртегі бар 15 жүргізушінің шығынын қайтаратыны туралы хабарлаған. Қалғандары түбіртек алмаған. Тап сол күндері бекет қызметкерлері касса аппараты істемейтінін айтқан. Сонымен қатар бейнекамера да мүлдем жасамайды деген. Енді жәнібектіктер үшін осында жанармай толтырғанын дәлелдеу қиынға соғуда. Аудан әкімдігі бензин сапасы сынамадан өткенін, қалыпты екенін хабарлады. Оған күмәнданып жатқандар көп. Бензиннің құрамы өзгерген. Оған су немесе солярка қосылған деген күдіктеміз, - деді Жәнібек ауылының тұрғыны, қоғам белсендісі Бауыржан Сабанов.

IMG-20230111-WA0104

Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов осы мәселе бойынша жұмыстанып жатқандарын хабарлаған.

– «Ұлттық сараптама және сертификациялау орталығының» лабораториялық сараптамасы шықты, бізден алынған бензин АЙ-92 пробасы барлық стандарттарға сай деп қорытынды берген.

«Москвичи» ЖШС құжаттарын тапсырған адамдарға қаржыларын қайырып, өтеп береміз деп айтып отыр. Бүгін резервуарды тазалап, жаңадан бензин әкеліп құяды. Сол кезде қоғамдық өкілдер қатыса алады, сырттай көзбен көріп бақылауға. Олардың басшысы өзі келмейтін болды, экспедиторы бірге келеді. Сапасыз бензиннен машинам бүлінді деген азаматтар Сауда және интеграция министрлігінің тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің департаментіне, басқа да қадағалаушы органдарға, сотқа жүгіне алады.

Аудандық коммуналдық меншіктегі жанармай құю стансасын сенімгерлік басқаруға беру бойынша жаңа конкурс жариялануда, оған ынталы кәсіпкерлер болса қатыса алады. Бұған дейін сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкерлердің ұсынған бағасы тиімсіз (кәсіпкер үшін пайдасы болмаған) болғандықтан бас тартты.

IMG-20230111-WA0105

Осы сапасыз бензин мәселесі туралы аудан әкімдігі тарапынан тиісті органдарға хабарланып, «Москвичи» ЖШС-мен күн сайын хабарласып, сіздердің сөздеріңізді жеткізіп, мәселені реттеу бойынша қолдан келгенше жұмыстанып жатырмыз», - деді арнайы WhatsАpp тобында Жақсылық Абдолов.

Бүгін Жәнібек ауданының орталығында наразы топ бас қосты. Олар «Москвичи» ЖШС басшысының келуін, өздерімен жүздесуін талап етті. Жәнібек ауданының прокуроры С.Молдашевтің атына жазылған арызға бірнеше адам қол қойды.

IMG-20230111-WA0108

Көлік жүргізушілері «Москвичи» жанармай құю стансасының түбіртек бермей қоюын заңсыз деп таниды, сол уақытта бейнекамераларының істен шыққаны күмәнді екенін айтады. Бейресми мәлімет бойынша, «Москвичиден» 200-ден астам көлік сапасыз жанармайды құйған.

Жүргізушілердің бірі автомай тез таусылып қалып жатқанын тілге тиек етсе, енді бірі моторы істенін шыққанын айтып шағымдануда.

«Жаңа жыл қарсаңында қызым Арай Орал қаласынан өз көлігімен Жәнібекке келді. Қаңтардың 5-і күні қалаға қарай жолға шықты. Соның алдында «Москвичи» стансасынан 10 мың теңгеге бензин құйғызды. Бірақ бекеттегілер түбіртек бермеген. Казталов ауданына жеткен кезде автокөлігі іркіп, жүрмей қалған. Содан кешкі сағат 6:00-ге дейін көлігін қаратып, шеберге жөндеттірді. Жөндеу жұмысына 20 мың теңге жұмсады. Қалаға барғаннан кейін машинасы тағы да жүрмей қалған», - деді Жәнібек ауылының тұрғыны Валентина Молдашева.

Жәнібектіктер 2022 жылдың қаңтарының 28-інен бері осы стансадан жанармай құйғалы шағым көбейгенін айтады. Бірақ бензиннің сапасыз екені туралы бекет қызметкерлері ләм-мим демеген.

Осы мәселе бойынша «Москвичи» ЖШС-ның директоры Есетай Мұқанғалиев кеңсесіне телефон соғып едік. Ешкім тұтқаны көтермеді. Құзырлы құрылымдар да ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале