Бүгін 25 қараша – Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні аясында «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы басталды. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, елімізде әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 2021 жылы 61 464-і құраған. Әйелдерге қатысты қылмыстылық деңгейі 2021 жылы 64,0% құраған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты шығарылған ұйғарымдардың саны 81 648 болса, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты шығарылған ерекше талап саны 11 202.
Біздің облыстағы ахуалға келер болсақ, өңірімізде тек биыл жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 13 қылмыс тіркелген, оның ішінде 2-еуі кісі өлтіру, 5-еуі денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі, 4-еуі денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру, 1-еуі денсаулыққа абайсызда зиян келтіру және тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу жағдайы.
Бұл – қазан айында облыс әкімінің алдында БҚО Полиция департаментінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша биылғы жылғы тоғыз айдың жұмысы туралы есеп берген БҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ернар Сұлтанғалиев келтірген деректер.
Ернар Сұлтанғалиев бүгінгі таңда аталған міндеттің толығымен ішкі істер органдарына жүктелгенін және бұл жұмысты полиция қызметі 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ҚР Республикасының Заңының негізінде жүргізетінін атап өтті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық заңнамаға сәйкес күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Өкінішке орай, біздің қоғамда күш көрсету, яғни физикалық түрдегі зорлық-зомбылықтың деңгейі әлі күнге жоғары.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлеріне нақты тоқталсақ, бұлар:
Биыл облыс бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылыққа жол беретін 1 831 адамға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылған, олардың әрқайсысына қатысты жинақтау іс жүргізілген және 30 тәулік ішінде мінез-құлық пен өмір сүру салтын бақылау жүзеге асырылған.
Ал 378 адамға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін ішкі істер органдарының өтініші бойынша соттар олардың мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеген.
Бұл нормаға сәйкес құқық бұзушыларға жәбірленушінің еркіне қарамастан жәбірленушіні іздеуге, қудалауға, баруға, ауызша, телефон арқылы келіссөздер жүргізуге және онымен өзге тәсілдермен байланысуға, атыс қаруын және басқа да қару түрлерін сатып алуға, сақтауға, алып жүруге және пайдалануға, сондай-ақ алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдары мен психотроптық заттарды тұтынуға тыйым салынады. Сот тыйым салудың қолданылу мерзімін үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге белгілейді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбандары, жәбірленушілердің басым көпшілігі әйелдер екені бәрімізге аян. 2021 жылдың наурыз айында облыстық Департаментте әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторлардың 14 штаттық бірлігі енгізілген. Бұл әйелдермен профилактикалық іс-шараларды тиімді жүргізу үшін мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында атқарылған шара. Бөлім жұмысының негізгі бағыттарының бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсету бойынша дағдарыс орталықтарымен өзара іс-қимыл жасау.
Қазіргі күні облыста екі орталық жұмыс жасап тұр, Орал қаласындағы орталық – мемлекеттік, Ақсай қаласындағы – мемлекеттік емес (ҮЕҰ) орталық.
БҚО Полиция департаментінің мәліметтеріне сәйкес биылғы жылдың 9 айында орталықтарға 397 адам жүгініп, олардың 139-ы орталықта уақытша тұрған. Олардың 47-сі әйел болса, 92-сі бала. Соның ішінде БҚО Полиция департаментінің жолдамасы бойынша 47 адам жүгінген.
Сонымен қатар, биыл ҚР Ішкі істер министрлігі Қазақстан аумағында жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсетуді енгізу бойынша пилоттық жобаны бастаған. Жоба бойынша барлық мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің Оңтүстік Кореяның жұмыс тәжірибесімен ұқсастығы бойынша тиісті іс-қимыл алгоритмі әзірленген. Ішкі істер министрлігі Президент Әкімшілігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп, Оңтүстік Кореяның дағдарыс орталықтарының жұмыс моделін зерттеген.
Жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарына кешенді көмек көрсету орталықтарын ашу кезінде қолданыстағы дағдарыс орталықтарының базасында тергеушінің, сот-медициналық сарапшының және психологтың жеке өмірін сақтай отырып жұмыс істеуі үшін жеке үй-жайлар бөлінген.
Полиция департаменті биылғы жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауларын орындау мақсатында Орал қаласы дағдарыс орталығының жертөлесінде тергеушінің және медициналық сарапшының кабинетін ашқан. Кабинет ашылған уақыттан бері дағдарыс орталығының қызметтік кабинетінде әйелдер мен кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмауына байланысты қылмыстық істер бойынша бес рет тергеу әрекеттері жүргізілген.
«Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтеді. Облысымыздағы барлық мүдделі мемлекеттік органдар, дағдарыс орталықтары және үкіметтік емес ұйымдар алдын ала дайындалған іс-шаралар жоспарына сәйкес түрлі форматтағы шараларды өткізеді. Олар – тұрғындар арасында буклеттер, флайерлер мен ақпараттық парақтарды тарату арқылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселелері бойынша ақпараттық және ағартушылық қызмет жүргізу, сұрақтар мен пайдалы байланыстарды қамтыған онлайн сауалнамалар, флешмобтар өткізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына білікті заңгерлік және психологиялық көмек көрсету, әлеуметтік роликтерді жариялау және тарату шаралары.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz