10.04.2022, 17:50
Оқылды: 157

Ойлары салмақты, сұрақтары жан-жақты

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде қаладағы жоғары және арнаулы орта білім беретін оқу орындарының студенттерімен кездесті. Әп дегеннен айтарымыз, бұл жиын әдеттегі ресмиліктен гөрі еркін һәм ашық пікір алмасу түрінде өтті. Ана бір кездердегідей емес, құрметті мейманның жанына ергендердің қатары да селдір, өзі де қарапайымдылық қағидатын қатаң ұстанған жан екені байқалады. 
09F70748-2B07-491B-8DA6-B97E3082F28D

Суреттің дереккөзі: inform.kz

– Армысыздар, ат терлетіп, Ақ Жайыққа да келіп қалдық. Бұл қызметке биылғы 25 қаңтарда тағайындалсам, өңірлерге сапарды 17 ақпаннан бастап кеттік. Қызылордадан бастау алған жиынымыз бүгін Оралда жалғасын тауып отыр. Бұл – біз аяқ басқан он бірінші аймақ. Барлық жердегі ортақ тақырып: үлкенді-кішілі сайлау науқанына қатысты көпшіліктің, соның ішінде жас толқынның ой-пікірін білу, соны саралау, қажетін кәдеге асыру. Жасыратыны жоқ, ел ішінде партия құрсақ, саяси-экономикалық реформаларға белсене аралассақ деп жүрген қоғам белсенділері де жетерлік. Әрі елімізге нағыз халықтың сөзін сөйлейтін, ұлттың мүддесін жоғары қоятын, мемлекеттің дамуына серпін беретін жаңа партиялар керек екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Бірақ кешеге дейін партия тіркеуде үлкен кедергілер болды.  Жаңа Қазақстан жағдайында сол бөгеттердің біразы алынып тасталмақ. Бір ғана мысал, алдағы уақытта партияларды тіркеу шегі 20 мыңнан 5 мың адамға түседі. Сонымен қатар әділ де ашық сайлау өткізу үшін әлемдегі үздік тәжірибелер зерттеліп, біртіндеп енгізілмекші. Президент көтерген өкілді билік тармағын қайта құру да заман талабы. Парламенттің қос палатасының құрамы өзгеріп, жұртшылықтың билікке деген сенімін нығайту мақсатында жергілікті мәслихаттардың да өкілеттігі артпақ. Бұған қоса Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызын пропорционалдық, 30 пайызын мажоритарлық тәсілмен жасақтау міндеті қойылып отыр, – деген Нұрлан Мәжитұлы сөзін сабақтай түсті. – Айтпақшы, әлгінде ғана біз үлкендермен дидарластық, ондағы әңгіменің ауаны мүлде басқа. Және бір айтпағым, біздің бұл басқосуларымызға атқарушы
биліктің еш қатысы жоқ, ұйымдастырушы – облыстық сайлау комиссиясы.  

Енді мені ерекше қызықтыратын сұрақ: ел ертеңі – жастардың сайлауға деген көзқарастары қандай? Мәселен, қызылордалық жастардың 25%-ы біздің даусымызсыз-ақ таңдау жасалып қояды, сондықтан оған қатысуға ниетті емеспіз деген сыңай танытты. Сіздер не ойлайсыздар? Сосын дауыс берудің электронды нұсқасы тиімді ме, әлде бұрынғы қағаз жүзіндегісі қолайлы ма? Осы бағыттағы көзқарастарыңызды білдірсе-ңіздер, саяси науқанның мән-маңызын арттыру  үшін тағы нендей алып-қосарларыңыз бар? Жалпы, келісіп пішкен тон келте болмайды ғой.  Сонымен, келесі сұрақ – сізден, жауап – бізден, – деген төраға сөзінің айтылуы мұң екен, зал толы жалынды жастар сауалдарын қарша боратты дерсің?!

Несін жасырамыз, студент аудиториясында жүрген өрімдей жастардың ойлары салмақты, сұрақтары жан-жақты. Олар саясат сахнасында әбден шыңдалған кәнігі тарланды терлетпегенімен, ет-жүрегін тербеткені айқын. Әңгіме арасында Нұрлан  Мәжитұлының  ұл-қыздардың шынайы белсенділігіне риза кейіп танытып, егемен елдің келешек тізгіні осындай көзі ашық, көкірегі ояу жандардың қолына көшу қажеттігін ашық айтуы біраз жайды аңғартса керек. Ал қойылған сұрақтардың қойын дәптері-мізге түскендерінің негізгі мазмұны мынадай: «Жастарды сайлауға қатысуға міндеттеуге бола ма?», «18-ге жаңа толған адам дұрыс таңдау жасай ала ма?», «Nur Otan» атауын неге өзертті?», «Мен сайлау комиссиясының мүшесі бола алам ба?», «Алдағы сайлаулардың әділ өтетіндігіне кепілдік бар ма?», «Қазақы ортада жершілдік, рушылдық «аурулары» көрініс таппай ма?». Тағысын тағылар...  Жастардың көкейін тескен осынау түйткілдердің бәріне тиісінше жауаптар қайтарылды, әкімдер сайлауына қатысты да әсерлі әңгіме тиегі ағытылды.  

Иә, халық белсенділігі артпаса, саяси жүйенің дамуы да екіталай.  Оның үстіне  Мемлекет басшысы ел азаматтарының ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалайтынын ашық айтты. Ол үшін алдымен ел-жұрттың пікірі ескеріліп, соған сай қоғамдық даму институты қалыптасуы қажет. Бұл кездесу де соның алғышарттарының бірі деп ұғынсаңдар болады деген ойын жеткізді сөз соңында төраға. Лайым, солай болғай!  

 Бауыржан Махутұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале