20.06.2023, 9:45
Оқылды: 934

Өмірді су жалмамасын!

Жуырда облыс әкімі Нариман Төреғалиев су айдынындағы қауіпсіздік мәселесін зерделеу мақсатында арнайы топ мүшелерімен бірге Шаған өзенінде қайықпен жүріп өтті.

945bdcfd-f732-4aee-b450-0c9fa6dd6b3e

Өңір басшысы жағадағы жағдайды бағамдап, оның тазалығы мен судағы құрылыстардың талапқа сәйкестігіне назар аударды. Орал қаласының «Атамекен» экология және туризм орталығына барған Нариман Төреғалиұлы балалардың жазғы демалысы тиімді ұйымдастырылғанына көз жеткізіп, жас өркеннің бос уақытын тиімді өткізу үшін барлық жағдай жасалу керектігін, оларға жүзуді үйрету, судағы қауіпсіздік ережелерімен таныстыру керек екенін айтты. Осы орайда «Атамекен» экология және туризм орталығының арнайы жабық бассейн орнатқанына өңір басшысы оң бағасын берді.
Одан соң облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім орталығына келген Нариман Төреғалиев су айдынындағы қауіпсіздік мәселесі бойынша арнайы комиссиялардың бірлескен көшпелі отырысына қатысты. Онда балалардың жазғы демалысын қалыпты өткізу, жас буынның қауіпсіздігін қамтуға қатысты мәселелер талқыға түсті. Бүгінде облыс аумағында 25 жағажай бар. Олардың біразында қауіпсіздік ережелері сақталмайды екен. Әсіресе, аудандардағы жағажайларда сақтық шаралары ескеріле бермейді.
Ал Орал қаласындағы 9 жағажайдың біреуі талапқа сай емес. Қазіргі таңда ол жағажай жабылған.
– Бірқатар жағажайда балалардың суға шомылуына және оларды жүзуге үйретуге арналған учаскелер жоқ. Жағажай қауіпсіздігіне қатысты талап – барлығына ортақ. Әр жағажайдың жанында балаларға арналған орын болу керек, – деді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Кеңесте кейінгі 5 жылда облысымызда 128 адам суға кеткені айтылды. Сол 128 адамның 36-сы – бала. Оқыс оқиғалардың дені жаз кезінде, шомылу маусымы қызған кезі – шілде айында орын алыпты. Мұндай жайттар қауіпсіздік қағидаттарын қаперге алмау, ішімдік ішіп суға түсу және шомылуға тыйым салынған жерлерге малтудың кесірінен орын алуда.
– Суға кеткен балалардың көбі жүзе алмаған, ересектердің бақылауынсыз қалған. Облыста суда жүріп опат болғандардың көпшілігі – кәмелетке толмаған балалар. Ондай оқиғаға тап болғандар саны 36, 45 жастан асқан 33 адам шомылу маусымында қаза тапты. Суға батқандардың статистикасын Орал қаласы бастап тұр. Мұнда 40 оқиға тіркелді. Одан кейінгі орында Бәйтерек ауданы тұр. Ол ауданда 28 адам суға кетті. Үштікті 15 адам суға кеткен Ақжайық ауданы түйіндеп тұр, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ернұр Өтегенов.
Оқыс оқиға көбіне Жайық және Шаған өзендерінде болады. Осыған орай өңір басшысы Жайық бойында орналасқан аудандардың басшыларына жағажайларды қалыпқа келтіріп, шаһардағыдай етіп жарақтандыруды тапсырды. Алдағы уақытта судағы қауіпсіздікті қамту бағытындағы арнайы жол картасы қабылданбақ.
– Жол картасында нақты тапсырмаларды белгілейтін боламыз. Сондықтан судағы қауіпсіздікке үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Соңғы уақытта ауа райы суып, суға түсушілер саны көбеймей тұр. Осы сәтті пайдаланып, шомылу маусымы басталғанша жағажайлар мен шомылуға рұқсат етілген жерлердегі олқылықтарды жойған дұрыс, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Жаз кезінде жеткіншектердің ғана емес, барша адамның қауіпсіздігі ерекше назарда болады. Бұл іске барлық жауапты құрылым өкілдерінің бір кісідей атсалысып, келеңсіз жағдайларға жол бермеуі маңызды. Жиын соңында осыны қаперге алу керектігін айтқан өңір басшысы жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, орындалуын жеке қадағалайтынын айтты.

Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале