15.08.2023, 9:15
Оқылды: 149

Оптикалық желі – бизнес көзі

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне жеке тұрғын үйлерді оптикалық-талшықты байланыс желісімен (ОТБЖ) қамту жұмысын таныстырды. Басқарма басшысы Нұрсұлтан Нұрлан Орал қаласының Жұлдыз шағынауданында тұрғындармен  кездесті.

65016515151515454

- Облыста үш ірі байланыс операторы – «Қазақтелеком», «Транстелеком» және «Jusan Mobile» компаниялары қызмет көрсетеді. Сонымен қатар осы компаниялармен бірге жұмыс істейтін дилерлік операторлар шаһардағы жеке тұрғын үйлерге интернет желісін қосуда. «Біз жеке кәсіпкерлерді мобильді байланыс нарығына шақырамыз. Себебі бизнес өкілдері Орал қаласындағы жеке секторларды оптикалық желімен қамтумен шұғылдана алады, – деді Нұрсұлтан Нұрлан.

Аталмыш басқарма Орал қаласының тұрғын үй массивтерін оптикалық интернетпен қамтамасыз ететін шағын және ірі операторлардың қызметін үйлестіреді.

«NewNet KZ» ЖШС абоненттерді интернет желісіне GPON технологиясы бойынша қосуда. Аталмыш компания «Жұлдыз» шағынауданындағы 500 үйге желі тарту жобасын жасаған. Қазір  87 абонент интернет желісіне қосылған. Тарифтік жоспарларға сәйкес интернеттің жиілігі (байланыс арнасы)  30 мБит/с-тан 500 мБит/с-қа дейін жетеді. Алдағы уақытта компания Ескі әуежай, Деркөл кентінің ПДП-2 шағынаудандарын ОТБЖ-ға қоспақ.

651065105101

– Біз күні бүгінге дейін түрлі ұялы байланыс операторларының қызметін пайдаланған едік. Алайда олардың тарифі қымбат болатын. Енді біздің шағынауданға талшықты-оптикалық интернет желісі қосылды. Сапалы әрі тарифтік бағасы да тиімді. Тарифтің ең жоғары мөлшері – 7500 теңге. Компания өкілдерінің айтуынша, тариф бағасы қымбаттамайды, – деді Жұлдыз шағынауданының тұрғыны Жанна Жанғалиева (суретте).

«Қазақтелеком» АҚ БҚО филиалының техникалық директоры Андрей Чеботаревтың айтуынша, компания ескірген мыс желілерді заманауи оптикалық-талшықты байланыс желілеріне ауыстыруда. Былтыр Бөрлі ауданының Ақсай қаласындағы Шанхай шағынауданында 400 үйге жаңа байланыс желісі тартылған. 2024 жылға дейін Ақсай қаласындағы 5500 жеке үй оптикалық-талшықты байланыс желісіне қосылмақ. Жыл басынан бері Орал қаласындағы Зашаған кентінің Гринько, К. Әзірбаев, 152-атқыштар дивизиясы, Х. Доспанова көшелері мен Автомобилист шағынауданында ескірген мыс желілер оптикалық желіге ауыстырылуда. Екінші жартыжылдықта Деркөл кентіндегі ПДП-1 және ПДП-2 шағын-аудандарына және Западная, Строительная, Селочная көшелерінде оптикалық желі салу жоспарланған. 2000-нан астам үй интернетпен қамтылады. Келесі жылы Мичурин ауылындағы желілер жаңартылмақ. Сондай-ақ биыл Ақсай қаласында,  Желаев ауылында және Орал қаласында көпқабатты 89 үйге оптикалық-талшықты байланыс желісі тартылады.

«Қазақтелеком» АҚ Жаңақала ауданының Жаңақала ауылы, Теректі ауданының Подстепный ауылы мен Қаратөбе ауданының Қалдығайты және Жусандыой ауылдарын «нүкте-көпнүкте» технологиясы бойынша интернетке қосуды жоспарлап отыр. Ал «OralTrans» басқарушы компаниясы» ЖШС Оралдағы шағынаудандарда және облыс орталығына іргелес аудандарда телекоммуникация желісінің құрылысын жүргізуде. Абоненттерге «Транстелеком» АҚ провайдерінен қосымша қызметтер пакеттері бар икемді тарифтік жоспарлар ұсынады.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале