Орал қаласы бойынша қолға алынған 2021-2023 жылдарға арналған «Аулаларды кешенді абаттандыру» жобасы биыл қорытындыланбақ. Қазірге дейін 31 аула кешенді түрде абаттандырылды.

Биылғы жылға дейін балаларға арналған спорттық алаң салудан 200 миллион теңге үнемделген. Бүгінде сол үнемделген қаражат есебінен қосымша тағы да 11 алаң бой көтеруде.

2023-2024 жылдарға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, 24 аулаға конкурс жарияланған. Онда көшелерді жарықтандыру, аулаларға тасжол төсеу және спорттық құралдармен жабдықталған балалар алаңын салу белгіленген.
Қазіргі кезде аулаларды асфальттау жұмысы бойынша мердігер анықталмаған.
Жарықтандыру мен алаң салу бойынша жұмыстар басталған.
– Үнемделген қаражат есебінен 11 аулада жүргізіліп жатқан жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 2023-2024 жылдарға жоспарланған 24 ауладағы жұмыстардың көп бөлігін биыл аяқтамақпыз. Қалған бөлігін келер жылы тәмамдап, тұрғындардың игілігіне береміз, – деді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің абаттандыру секторының меңгерушісі Дархан Еркінұлы.
Аталған жұмыстарды жүргізу барысында тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар түспепті. Жекелеген мәселелер бойынша сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындарды жинап, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының мамандары түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Әнуар Аманжол,
«Орал өңірі»
Фото: Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінен