Бұл туралы Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. «Батыс Дилижанс» жолаушыларды тасымалдау компаниясы «Вектор Next» маркалы жаңа жеті автобусты сатып алды.

Жолаушыларға лайықталған жаңа қоғамдық көлікте автобустардың жүру бағытын білуге арналған GPS құрылғысы орнатылады.

Сондай-ақ арнайы қажеттілігі бар жандардың арбасына арналған пандус, электронды табло және бейнекамералармен жасақталған.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, жаңа автобус кілттерін жүргізушілерге табыс етті.
Соңғы екі жылда тасымалдаушы мекемелер «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы 3,2 млрд.теңгеге 79 жаңа автобус сатып алды. Автобустарды сатып алу есебінен тозған көлік 32%-ға дейін қысқарды. Бұл жұмыстың бәрі әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыруға байланысты тасымалдаушылардың шығындарын субсидиялау арқылы жүзеге асып отыр.

Былтыр осы бағытта қалалық кәсіпорындарға 3,9 млрд теңге көлемінде субсидия берілсе, 2023 жылы 5,2 млрд.теңге беріледі деп жоспарланып отыр.

Жалпы биыл қаладағы тасымалдаушы компаниялар 40 жаңа автобус сатып алуды көздеп отыр.
Айта кетейік, «Батыс Дилижанс» жолаушыларды тасымалдау компаниясы қаладағы № 1, 33, 39, 49 маршурттарымен қызмет көрсетеді.
Фото Орал қаласы әкімдігінен