Орал қаласындағы 17 қабатты тұрғын үйде өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлады Орал қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Суреттер: БҚО ТЖД
– Жаттығудың мақсаты – көпқабатты тұрғын үйлердегі өртті сөндіру тактикасын пысықтау, тұрғындар арасында жалпы қауіпсіздік мәдениетін арттыру және нығайту.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығудың жоспары бойынша «101» нөмірлі пультіне кешеннің 6-қабатының бір пәтерінен өрт шыққаны жөнінде хабарлама түседі. Түтін барлық бөлмелерге тез таралып, терезелер мен балкондардан тұрғындар көмек сұрай бастады. Диспетчерлік құрам автоматты түрде шақыртудың жоғары дәрежесі бойынша күштер мен құралдарды жібереді.
Келген өрт сөндіру бөлімшелері дереу құтқару жұмыстарына кірісті. Тұрғындардың арасында үрейдің алдын алу шаралары қабылданып, дауыс зорайтқыш құрылғылар іске қосылды.
Полиция қызметкерлері тұрғын үйдің периметрін қоршап алды. Қосымша күштердің келуіне қарай өрт сөндіру автосатырлары орнатылды.
Өрт сөндірушілер терезе арқылы өрт шыққан пәтерге кіріп, адамдар құтқарылды. Зардап шеккен адамдар жедел жәрдем және медицина орталығының қызметкерлеріне тапсырылды.
Жоғары қабаттардан адамдарды құтқару өте қауіпті. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша көшелердің тарлығы және жеке автокөліктердің көптігіне байланысты арнайы техниканың ғимараттарға өту қиындығының туындағанын атап өткен жөн, - делінген хабарламада.
БҚО Төтенше жағдайлар департаменті автокөліктерді арнайы орынға қалдырмай, көпқабатты үйлердің маңына тастап кету адам өмірін сақтап қалуға кедергі келтіруі мүмкін екендігін ескертеді.
zhaikpress.kz