Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қала мектептерін аралап, білім ордаларының жаңа оқу жылына дайындығын тексерді.
Қалада 50 мектеп бар. Мектеп ғимараттарына алдағы оқу жылының алдында ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Қала әкімінің оқу жылының аяғында берген тапсырмасына сәйкес, барлық мектептерге турникеттер орнатылыпты.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, турникеттер жедел басқару орталығына қосылған. Енді әр оқушыға турникеттен өту үшін жеке карта таратылады. Сонымен қатар білім ордаларына цифрлық бейнекамералар орнатылып жатыр. Қазіргі уақытта осындай 552 бейнекамера орнатылған. Жыл соңына дейін мектептерді тағы да 600-ден аса цифрлық бейнекамерамен қамтамасыз ету көзделген.
Қала әкімінің орынбасары білім бөлімінің басшылығы мен мектеп директорларына білім ошақтарындағы қауіпсіздік мәселесіне баса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар оқу жылына дайындықты пысықтау бағытында бірқатар міндет жүктеді.
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшылығы да қала мектептерін бірге аралып, санитарлық нормалардың сақталуын қадағалады.
zhaikpress.kz
Фото видеодан кадр