Жуырда Талдықорған қаласында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған ерлер мен әйелдер арасында самбо күресінен ҚР чемпионаты өтті. Аталған жарысқа еліміздің барлық өңірінен 400-ге жуық спортшы қатысты.
Биылғы чемпионаттың ерекшелігі халықаралық самбо федерациясы бекіткен ережеге сәйкес, палуандар жаңа салмақ дәрежелерінде белдескен болатын. Үш күнге созылған додада облысымыздың намысын қорғаған спортшыларымыз жеңіс тұғырынан көріне білді. Самбодан ерлер арасында Болатбек Райымқұлов 58 келі, Нұрбол Серіков 71 келі, Еркебұлан Қалеш 88 келі, Темірлан Көлбай +98 келі салмақ дәрежелерінде бас жүлдеге ие болса, 58 келі салмақта Ерлан Оңалов үшінші орынды еншіледі.
Самбодан әйелдер арасында Гүлдана Әлмұханбетова бірінші, Әйгерім Телемгенова мен Құралай Қабырайқызы үшінші орындарды алды. Сондай-ақ әскери самбодан 64 келі салмақ дәрежесінде Әділбек Сейісов алтын, Қазбек Сұпығалиев күміс медальдар алды. Ал 71 келі салмақта күрескен Серік Қартабаев, 79 келіде Рафаэль Тасболатов, 98 келіде Әділет Қабылов тұғырдың үшінші сатысынан көрінді.
Осынау үлкен жетістіктер БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы мен БҚО самбо федерациясының, Райбек Меңдіғалиев пен Нұфтолла Түменов бастаған батысқазақстандық бір топ бапкердің көп жылғы еңбегі бары аян.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz