17.03.2020, 23:33
Оқылды: 43

Шекарадан өтушілерге шектеулер жарияланды

Республикадағы төтенше жағдайға байланысты облыста ел азаматтары мен  шетелдіктердің мемлекеттік шекарадан кіруіне және шығуына шектеу жарияланды.

A9902CAF-E9B6-40D2-9ABD-48B2D48E59FD

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Орал қаласы полиция басқармасы көші-қон қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Мұқанов баяндады. Оның сөзінше, көші-қон қызметінің мамандары Жамбыл және Шаған жағалауы көшелерінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындардың шекарадан өту барысына бақылау жүргізуде.

-  Біздің өңір Ресейдің бес облысымен шектесетіндіктен, шекарадан өтуге төлқұжат қажет. Қазір ХҚКО-да төлқұжат жасатуға сұраныс көп. 16 наурыз күні төлқұжат алу үшін 250 адамның өтініші қабылданды. Тұрғындардан күн сайын осындай 100-200 шақты өтініш түсуде. Елдегі жағдайға байланысты мемлекеттік шекарадан өтуге шектеу қойылды. Алайда кейбір азаматтарға бұл шектеулер қолданылмайды. Яғни бұрын шет мемлекеттің аумағына шыққан және Қазақстан Республикасына қайтып келген ел азаматтары, денсаулық сақтау мекемелерінің растайтын құжаттарын ұсынып, шетелге емделуге шыққан ҚР азаматтары, осыған дейін ел аумағына кірген және елден шығатын шетелдіктер, еліміздің және шет мемлекеттердің дипломатиялық қызмет персоналы және олардың отбасы мүшелері, ҚР Сыртқы істер министрлігінің шақыруы бойынша Қазақстанға келетін шетелдік және халықаралық ұйымдар делегацияларының мүшелері  шекарадан өте алады. Сонымен қатар поездық және локомотив бригадаларының, әуе және теңіз кемелері экипаждарының мүшелеріне, ҚР аумағындағы шетелдік трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персонал және шектес мемлекеттердің аумағындағы қазақстандық трансшекаралық құрылыстарға қызмет көрсететін персоналға, шектеулерді енгізгенге дейін (2020 жылғы 16 наурыз күнгі сағат 08.00-ге дейін) жолға шыққан және транзиттік жолаушылар поезымен жолда келе жатқан шетелдіктерге, ҚР аумағында тұруға ықтиярхаттары бар шетелдіктерге (азаматтығы жоқ тұлғалар), ҚР азаматының отбасы мүшесі болып табылатын шетел азаматына (туыстық байланыс фактісі расталған жағдайда – жұбайы (зайыбы), олардың ата-аналары мен балалары) шектеулер қолданылмайды,  -  деді полиция полковнигі.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале